Павлодар облысы трансплантология бойынша алдыңғы қатарда
Мамандар бұл саладағы жүйе, заң және даму қарқыны туралы айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы трансплантология саласы бойынша еліміздегі алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі болып отыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі трансплантацияны үйлестіру және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру республикалық орталығының аллокация және үйлестіру бөлімінің басшысы Қайрат Иманбаев мәлімдеді.
Маманның айтуынша, қоғамда трансплантологияға деген дұрыс көзқарас қалыптасса, сала одан әрі дамиды. Бүгінде Қазақстан бойынша күту парағында шамамен 4600 науқас тіркелген.
– Бұл жай ғана кезек емес, әр науқас үшін донор мен реципиенттің медициналық сәйкестігі арнайы автоматтандырылған жүйе арқылы анықталады. Бағдарлама науқастың қай өңірден екенін есепке алмайды, басты талап – биологиялық сәйкестік, – дейді Қайрат Иманбаев.
Күту парағындағылардың басым бөлігі – бүйрек трансплантациясын қажет ететін науқастар, олардың саны шамамен төрт мыңға жуық. Сонымен қатар 230-ға жуық адам бауыр, 190 науқас жүрек трансплантациясын, ал 119 бала түрлі ағза алмастыру оталарын күтуде.
Қайтыс болған адамның донорлығы мәселесіне қатысты мамандар заң талаптарын да түсіндірді. Егер азамат көзі тірісінде келісім бергенімен, туыстары қарсы болса, донорлық жүзеге аспайды. Қазақстанда қазіргі таңда келісім презумпциясы қолданылады, алайда туыстардың пікірі міндетті түрде ескеріледі. 2020 жылғы өзгерістерден кейін туыстардан ресми келісім алу тәжірибесі күшейтілген.
Сонымен қатар, егер адамның туыстары болмаса және ол тірі кезінде нақты келісім немесе бас тарту білдірмеген болса, қазіргі заң бойынша оның ағзаларын алу мүмкін емес. Бұл да құқықтық тұрғыдан маңызды шектеулердің бірі болып отыр.
Павлодар облысы бойынша трансплантация жөніндегі үйлестірушісі Дмитрий Потеребухтың айтуынша, өңірде биыл алты потенциальды донор тіркелген. Соның ішінде тек бір жағдайда ғана туыстардың келісімімен донорлық жүзеге асқан. Кардиоорталық базасында өткен сол операция барысында жүрек, бауыр, екі бүйрек және екі көздің мөлдір қабығы алынған. Қасаң қабықтар облыстық ауруханада сәтті трансплантацияланды. Қалған бес жағдайда туыстардың бас тартуына байланысты донорлық жүзеге аспаған.
Қайрат Иманбаев алдағы уақытта заңнамалық өзгерістер қарастырылып жатқанын да атап өтті. Егер туыстарсыз келісім презумпциясы толық енгізілсе, алдын ала бас тартпаған азамат автоматты түрде донор болуға келісім берген болып есептелуі мүмкін. Бұл халықтың жауапкершілігін арттыруды талап етеді: әр адам донор болуға келісім беруі немесе ресми түрде бас тартуы қажет.
Айта кетерлігі, трансплантация процесі қатаң жүйе бойынша жүргізіледі. Алдымен әлеуетті донор анықталады, кейін ақпарат аймақтық және республикалық координаторларға беріледі. Донорлық тек консилиум шешімімен, бірнеше маманның қатысуымен және ми өлімі диагнозы ресми расталғаннан кейін ғана жүзеге асады. Бұл процесс толық медициналық және құқықтық бақылауда жүргізіледі.
Павлодар облысы бойынша қазіргі таңда күту парағында 233 адам бар. Оның ішінде 217 адам бүйрек, 10 адам бауыр, төрт адам жүрек, бір адам өкпе трансплантациясын күтуде. Олардың арасында тоғыз жастағы бала да бар.
Жыл басынан бері өңірде күту парағынан төрт науқас қайтыс болуына байланысты тізімнен шығарылған. Республикалық деңгейде жыл сайын 300-ден астам адам донор күтпестен көз жұмады. Дегенмен мамандар олардың өлім себебі әртүрлі болуы мүмкін екенін, негізгі диагноздан бөлек қосымша аурулар да әсер ететінін атап өтті.
Айта кетейік, донор болуға 18 бен 62 жас аралығындағы азаматтардың мүмкіндігі бар.