Павлодар «Батырының» болашағы тағы өзгерді

Павлодар «Батырының» болашағы тағы өзгерді
Фото: Pexels.com/Mikhail Nilov

Енді стадион орнына инклюзивтік спорт залын салу көзделуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодарда бұрынғы «Металлург» стадионының орнына инклюзивті спорт кешені салынуы мүмкін. Павлодардағы бұрынғы «Металлург», қазіргі «Батыр» стадионы орналасқан аумақта болашақта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инклюзивті спорт кешені салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің басшысы Талғат Сәкен мәлімдеді.

Оның айтуынша, аталған жер телімі қазіргі таңда спорт басқармасының балансында тұр. Қазір нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

— Бұл толықтай мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген спорт кешені болады. Оның ішінде бочча, күрес, гимнастика залдары қарастырылған. Жалпы, бірнеше бағыттағы спорт залдары жұмыс істейді. Қазіргі таңда біз Қызылордадағы осындай жобаны негізге алып отырмыз, — деді Талғат Сәкен.

Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2027–2028 жылдары жүзеге асуы мүмкін. Ал биыл жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау және мемлекеттік сараптама кезеңдері өтеді. Қаржыландыру осы рәсімдер аяқталғаннан кейін қаралады.

Сонымен қатар Павлодар облысында бірқатар ірі спорт нысандарының жобалары әзірленуде. Атап айтқанда, 25 мың орындық жаңа футбол стадионының, Екібастұздағы мұз сарайының және көпфункционалды спорт кешенінің жобалары дайындалып жатыр.

— Қазіргі таңда толық дайын жоба — бұл Мұз сарайы. Ал қалған ірі жобалар әзірлеу кезеңінде, — деді басқарма өкілі.

Павлодар қаласында жаңа мұз аренасын салу мәселесі де қарастырылып жатыр. Жоба бюджеттен тыс қаржы есебінен жүзеге асырылуы мүмкін. Облыс әкімдігі республикалық қорлар арқылы қаржыландыру сұрап, Қаржы министрлігіне хат жолдаған. Алайда әзірге қорларда қажетті қаражат қарастырылмағаны айтылған.

Ал Павлодардың орталық стадионында жөндеу жұмыстары маусым айының басында аяқталады деп жоспарлануда. Жоба толықтай қалалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Оның аясында жасанды алаң ауыстырылып, трибуна астындағы бөлмелер, жеңіл атлетика залы мен киім ауыстыру бөлмелері жөнделеді. Сондай-ақ алаңға автоматтандырылған суару жүйесі орнатылады.

Естеріңізге сала кетейік, бастапқы жоспар бойынша «Батыр» стадионының орнында инклюзивті саябақ құру жоспарланған болатын. Кейінірек билік сол жерде көркем гимнастика орталығын салуды жоспарлады.