Ертіс-Баян өңірінде қарақұмық егісінің көлемі он пайызға артады

Ертіс-Баян өңірінде қарақұмық егісінің көлемі он пайызға артады
Фото: Валерий Бугаев

Аймақта әлеуметтік маңызы бар дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өткен жылы аймақ диқандары 53 мың гектардан астам жерге қарақұмық ексе, биыл бұл көрсеткішті 60 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Хамза Оразбеков егіс көлемінің артуы мемлекеттік қолдау шараларымен және әлеуметтік маңызы жоғары өнім бағасын тұрақтандыру қажеттілігімен байланысты екенін мәлімдеді.

– Қарақұмық бағасының күрт өсуі 2022 жылы болды. Содан бері облыста өндіріс көлемін ұлғайту және өнім құнын тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдануда. Егіс алқабының құрылымында қарақұмық 61 мың гектарға жуық жерді алып жатыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда жеті мың гектарға артық, – деді Хамза Оразбеков.

Оның айтуынша, шаруалар дақылдарды өндіруге арналған субсидиялау бағдарламасы арқылы ынталандырылады. Қазіргі таңда қарақұмық – осындай мемлекеттік қолдау шарасына енгізілген жалғыз дақыл. Бұл да егіс алқаптарының кеңеюіне әсер етіп отыр.

Аймақта көктемгі егіс науқаны қарқынды жалғасуда. Дәстүрлі астық дақылдарымен қатар, шаруалар табысы жоғары майлы және бұршақты дақылдардың көлемін көбейтіп, топырақ құнарын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін технологияларды қолдануда.

Қазіргі уақытта агротехникалық дайындық жұмыстары толық аяқталды. Диқандар топырақ өңдеу және көктемгі жырту жұмыстарын жүргізді.

Айта кетейік, биылғы егіс науқанына өңірден 1200-ден астам шаруашылық қатысып жатыр.