Павлодарда ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған жоба ашылды
Қоғамдық қабылдауға ондаған ұйым қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста «Amanat» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Ерекше күтім - ерекше қамқорлық» пилоттық жобасының ашылуы өтті. Іс-шара ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталды.
Партияның облыстық филиалының төрағасы әрі облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай, жобаның басты мақсаты ерекше қажеттілігі бар азаматтарға нақты қолдау көрсету екенін айтты.
- Бүгін біз мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында жаңа пилоттық жобаны бастап отырмыз. Жоба аясында партия алаңына 30-дан астам ұйым жиналды. Осы жиында мемлекеттік органдар, медициналық мекемелер, депутаттар мен қоғам өкілдері жиналып, тұрғындардың мәселелерін тыңдап, қажетті көмек көрсету жолдарын түсіндіреді. Мұндай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады, - деді ол.

Партия жанындағы әйелдер қанатының жетекшісі және білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестің төрайымы Света Әбдіраманова мұндай кездесулердің ерекше отбасылар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
- Жоба аясында «Шексіз мүмкіндіктер» бастамасы да жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыт ерекше білім беру қажеттілігі бар жастарды оқыту мен жұмысқа орналастыруға арналған. Биыл колледж тәмамдайтын осы санаттағы жастардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсетеміз. Барлық жобаның негізгі мақсаты - балалардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау, - деді ол.

Павлодар қаласының тұрғыны Сергей Буряк диалог алаңында «Almaz Medical Group» ЖШС емханасының жұмысына шағымданды. Оның айтуынша, ол үшінші топтағы мүгедек бола тұра, екі айдан бері толық тексеруден өтіп, стационарға жату мәселесін шеше алмай жүр.
- Мен үшінші топтағы мүгедекпін. Екі айдан бері тексеруден өтіп, стационарға жатуға тырысып жүрмін. Бірақ мәселе үнемі кейінге шегеріледі. Денсаулығыма байланысты емханаға қайта-қайта бару маған өте қиын. Осы мәселені шешуге көмектесулеріңізді сұраймын, - деді ол.
Шара барысында ата-аналар мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша кеңес алып, өздерін толғандырған мәселелерді мамандармен бірге талқылады. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде өтетінін жеткізді.