Баскетбол медальдарының тағдыры Павлодарда шешіледі
«Ertis» пен «Барсы Атырау» арасындағы сериядағы есеп теңесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан әйелдер ұлттық лигасының қола жүлдесі үшін өтіп жатқан «Ertis» пен «Барсы Атырау» арасындағы серия нағыз баскетбол драмасына айналды. Төрт матчтың қорытындысы бойынша есеп тең — 2:2.
Еске салсақ, Павлодарда өткен алғашқы кездесулерде командалар бір-бір жеңістен бөліскен болатын. Дәл осындай жағдай Атырауда да қайталанды. Үшінші матчта павлодарлықтар алаң иелерін 72:65 есебімен ұтса, келесі ойында 86:69 есебімен есе жіберді.

«Ertis» сапында тағы да Ділназ Еркебай үздік ойыншылардың бірі атанып, команданың маңызды жеңісіне үлкен үлес қосты.
Осылайша, қола жүлденің тағдыры енді Павлодарда шешіледі. Жанкүйерлер «жұбаныш финалы» деп атап кеткен шешуші матч 25 мамыр күні өтеді.
Павлодарлық баскетболшылар жанкүйерлерді команданы маусымдағы ең маңызды сәттердің бірінде қолдауға шақырды. Алдағы кездесу чемпионаттың ең тартысты ойындарының біріне айналмақ.