Павлодарда саяжайларға ұры түсті

Павлодарда саяжайларға ұры түсті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар қажетке жарайтынның бәрін қолды етіп отырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыс оралығында саяжай маусымы басталғаннан бері бау-бақша иелерінен маза қашқан.  Тұрғындар саяжайдағы мүліктері мен өнімдерінің сақталуына алаңдаулы. Оған негіз де жоқ емес. Сұғанақ қолдылар үй аумағындағы су құбырларына арналған металл құбырлар мен су сақтайтын ыдыстарды, техника мен құрал-саймандарды қолды етіп, сондай-ақ бағбандар мен бақша иелері өсірген өнімдерді де ұрлап кетуде.

- Мәселен, «Нефтяник» саяжай қоғамдастығындағы үйлердің бірінде белгісіз адам «Honor» маркалы ұялы телефонды жымқырып кеткен. Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Ол – 30 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деді облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.

Ал басқа бір саяжай учаскесінің иелері металл құбырлардың жоғалғаны туралы тәртіп сақшыларына хабарлаған. Қазіргі таңда ұрлыққа қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.

Тәртіп сақшылары тұрғындарға саяжайларда бағалы заттарды қалдырмауға, сенімді құлыптарды пайдалануға және қандай да бір құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда дереу «102» арнасына хабарласуға кеңес береді.