Қазақстанда жазғы туристік маусымға дайындық аясында сегіз негізгі аймақ тексерілді

Қазақстанда жазғы туристік маусымға дайындық аясында сегіз негізгі аймақ тексерілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әкімдіктермен және салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, туристік қызмет сапасын арттыру жұмыстары қолға алынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов осы бағытта атқарылып жатқан шараларды баяндады.

– Тексерумен қамтылған негізгі бағыттардың қатарында Алакөл, Балқаш, Бурабай демалыс аймақтары, Каспий теңізінің жағалауы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан өңірі бар. Осы аумақтарда құтқару бекеттері, санитарлық-гигиеналық тораптар, коммуналдық жағажайлар мен визит-орталықтар бой көтеріп жатыр. Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мақсатында бейнебақылау жүйелері кеңейтілуде, – деді ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Курортты өңірлердегі көлік қолжетімділігін арттыру мәселесі де ерекше бақылауға алынған. Қарағанды облысында Балқаш туристік кластерін дамыту мақсатында жергілікті әуежайды жаңғырту және жаңа әуе бағыттарын ашу жоспарлануда. Ақмола облысында Бурабай курортының автотұрақтары мен инфрақұрылымы ретке келтірілсе, Алматы облысы Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайлар жаңартылып, ұлттық парктер абаттандырылуда.

Жетісу өңірінде жазғы маусымда Алакөл жағалауына, атап айтқанда Үшарал қаласына әуе рейстері мен теміржол қатынасы күшейтіледі. Маңғыстау облысында жағажай аумақтарындағы сервистік инфрақұрылым кеңейтіліп жатыр. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында демалыс орындарына апаратын автомобиль жолдарын жөндеу және жаңа орналастыру нысандарын салу жұмыстары жалғасуда.

Биыл елде оқиғалық туризмді дамытуға да басымдық берілмек. Республикалық іс-шаралар күнтізбесіне сәйкес, жазғы маусымда мәдени, спорттық және гастрономиялық бағыттағы 55 ірі ауқымды шара өткізу жоспарланған.