Ақсуда құтқарушылар рұқсат етілмеген жерде суға түскен балаларды анықтады

Ақсуда құтқарушылар рұқсат етілмеген жерде суға түскен балаларды анықтады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олардың ата-аналары жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Белая өзенінде рейдтік іс-шара барысында құтқарушылар шомылуға тыйым салынған аймақта қараусыз жүрген төрт баланы анықтады. Жедел шаралардың нәтижесінде жазатайым оқиғаның алды алынды.

– Тексеріс кезінде бір отбасының екі баласы өзенге түсіп жүрсе, тағы екеуі жағалауда болған. Құтқарушылар балаларға судағы қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ жағалаудағы екі баланың ата-аналарына профилактикалық ескерту жасалды. Ал өзенге түскен екі баланың заңды өкілдеріне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – делінген хабарламада.

Төтенше жағдайлар департаменті күн райының жылынуына байланысты су айдындарындағы қауіптің артатынын ескертеді. Мамандар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, оларды ересектердің еріп жүруінсіз суға жібермеуге және тек рұқсат етілген арнайы орындарда ғана шомылуға шақырады. Балалардың судағы қауіпсіздігі үшін негізгі жауапкершілік ересектерге жүктеледі.