Павлодарда «Жұлдыз болғым келеді» жобасының іріктеуі кезеңі өтті
Дарынды балалар үлкен сахнаға жолдама алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ата–ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге арналған республикалық әлеуметтік хореографиялық «Жұлдыз болғым келеді» жобасының облыстық іріктеу кезеңі өтті.
Қатысушылар халық биі, брейк–данс және заманауи хореография бағытында өнер көрсетті. Жас өнерпаздардың әр қойылымы күрделі дайындық пен шығармашылық жұмыстың нәтижесін байқатты.
Жобаның авторы, блогер әрі балалар үйінің түлегі – Алексей Лодочников. Бастаманың басты мақсаты – балалардың бойындағы талантты ашып, олардың өз күшіне деген сенімін арттыру.
Облыстық кезеңге өңірдегі бес мекеменің 50–ге жуық тәрбиеленушісі қатысты.
Кенжекөл отбасылық үлгідегі балалар ауылының басшысы Айжан Шамғалиеваның мәліметінше, мекеме атынан 10 –13 жас аралығындағы сегіз бала өнер көрсетті. Олар «Батырлар» биі мен заманауи биді орындады.
– Жоба екінші рет өткізіліп отыр. Өткен жылы вокал жанры бойынша ұйымдастырылса, биыл хореография бағыты таңдалды. Қатысушылар бұған дейін де түрлі деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы және жүлдегері атанған, –деді ол.
Іріктеу қорытындысы бойынша ұжым 29-30 қазанда Астана қаласында өтетін республикалық финалда Павлодар облысының намысын қорғайды.
Республикалық кезең жеңімпаздарына қомақты ақшалай сыйлықтар қарастырылған. Бас жүлде – 2 миллион теңге. Сонымен қатар, бірінші орынға – 1,5 миллион, екінші орынға – 1 миллион,үшінші орынға 700 мың теңге табысталады.
Жоба Қазақстан Республикасы оқу–ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен El Umiti корпоративтік қоры қолдауымен жүзеге асуда. Қатысушылар үшін бұл байқау өнер сайысы емес, арманға жақындай түсуге берілген мүмкіндік болады.