Павлодар облысында мектеп бітіру кештерін тойлауға қатысты шектеулер енгізілді

Павлодар облысында мектеп бітіру кештерін тойлауға қатысты шектеулер енгізілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл жүз мыңнан астам оқушы оқу жылын тәмамдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірдің барлық мектептерінде 2025–2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл өңір бойынша шамамен 116 мың оқушы оқу жылын тәмамдайды. Оның ішінде 10 мыңнан астамы – 9-сынып, ал 5 мыңнан астамы 11-сынып түлектері.

– Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты аяқтайтын 602-ден астам оқушы үздік аттестатқа үміткер. Ал 11-сынып түлектерінің қатарында 304 оқушы «Алтын белгіге», 356 түлек үздік аттестатқа үміткер атанып отыр. Бүгінде облыс мектептерінде 13 мыңнан астам педагог еңбек етуде, – деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Павлодар қаласында екі мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі таңда бұл білім беру ұйымдарында екі мыңға жуық оқушы білім алып, 162 педагог қызмет атқаруда.

Оқу жылының аяқталуына байланысты 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді.

– Сынып сағаттарында оқу жылының қорытындылары шығарылып, оқушылардың жетістіктері мен мектеп өміріндегі жарқын сәттер айтылатын болады. Сонымен қатар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі құндылықтарына, білім мен ғылымға құрметті арттыруға, инновациялық ойлауды дамытуға ерекше назар аударылады. Оқушыларға жазғы демалыс кезеңіне арналған әдебиеттер мен фильмдердің ұсынымдық тізімі де ұсынылады, – делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс орындарында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады.

Сондай-ақ ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтарды талап етуге жол берілмейді. Аттестаттар мен дипломдарды тапсыру рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады.

Бірлескен бұйрық түлектерге арналған іс-шаралар кезінде қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған.