Ертіс ауданында жас жол инспекторларының слеті өтті

Ертіс ауданында жас жол инспекторларының слеті өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Байқауда 10-ға жуық команда бақ сынасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Ертіс ауданында оқушылар арасында жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жас жол инспекторларының слеті өтті. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға ауданның ауылдық-аймақтарынан барлығы 8 команда қатысты. Оқушылар жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетіп, теориялық тапсырмалармен қатар тәжірибелік кезеңдерден де сенімді өте білді.

– Слет бағдарламасы мазмұнды әрі жан-жақты болды. Жас инспекторлар үгітбригадалар байқауында жол қозғалысы ережелерін сақтауға шығармашылық тұрғыда шақырса, велосипедті мәнерлеп жүргізу кезеңінде шеберліктерін көрсетті. «Жас реттеуші» аталымында қимылдардың дәлдігі бағаланып, эрудиттер турнирінде білімдерін сынады. Ал «Жас санитар» кезеңінде алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын көрсетті, - дейді аудандық білім бөліміндегілер.

Сайыс барысында «Жол қауіпсіздігінің үздік насихатшысы» номинациясы ерекше қызығушылық тудырды. Бұл кезеңде қатысушылар өз құрдастарына ықпал етіп, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру қабілеттерін дәлелдей алды.

Ертіс ауданы полиция бөлімінің бастығының орынбасары Семейхан Нұрғалиевтің айтуынша, жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру бала кезден басталады.

— Бүгінгі күні балалар өз білімдерін іс жүзінде қолдана алатынын көрсетті. Мұндай іс-шаралар ережені өмір салты ретінде қабылдайтын тәртіпті ұрпақты тәрбиелейді, - деді ол. 

Байқау қорытындысы бойынша 1-орынды № 4 орта мектептің командасы еншілесе, 2-орынға Майқоныр орта мектебінің қатысушылары тұрақтады. Ал 3-орын  Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің командасына бұйырды.

Бұдан бөлек, өзге қатысушылар арнайы аталымдар бойынша марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.