Павлодар, Шымкент, Өскеменнің бишілері бірлесіп концерт қойды
Бишілер үш қалада концерт өткізген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жібек жолы» хореографиялық жобасы аясында Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының «Нұр» би ансамблі мен Өскеменнің «Алтай» би ансамблі, Шымкент қалалық мәдениет үйінің «Қазына» би ансамблі бірлесіп концерттер ұйымдастырды.
«Нұр» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Айгүл Даирбаева бұл жоба өткен жылы басталғанын атап өтті.
- Өткен жылы Өскемен қаласының «Алтай» би тобымен жобаны бастадық. Жоба халықаралық би күніне арналған. Бір-бірімізге қонаққа келіп, коцерт қойдық. Биыл Шымкент қаласы қосылды. Бұндай жоба Павлодарда алғаш рет болып отыр. Бұл хореографиялық жоба. Бишілеріміз тәжірибе алмасады. Бір-бірімен араласады, - деді Айгүл Даирбаева.
Биылғы соңғы концерт жуырда Шымкент қаласында өткен. Шымкентте әр ұжым 5-6 нөмірден көрермен назарына ұсынған.
- Барған жерлерімізде жақсы қабылдап жатты. Бұл би концертіне хореографиялық бағыттағы жастар, студенттер, биге қызығушылығы бар адамдар, қарапайым адамдар да келеді. Әр өңірдің би тобының айырмашылықтары бар. Мысалы, павлодарлық бишілердің ерекшелігі – біз көбіне халықтық билерді билейміз. Көбіне қазақ халқының, орыс, өзбек билерін билейміз. Киімдеріміздің түсі ашық болып келеді, - деді Айгүл Даирбаева.
Айгүл Даирбаеваның айтуынша, келесі жылы жобаға басқа қалаларды да қосу жоспарлануда. Қазақстанның басқа қалаларынан бөлек, Омбы мен Бішкек қалаларымен де келіссөз жүргізілуде.
Сондай-ақ келер жылы жобаның ауқымын кеңейтіп, концерттен 1-2 күн бұрын конференция, шеберлік сағаттар ұйымдастырып, ЖОО-лар мен академиялардағы білікті мамандарды шақыру көзделген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram