Павлодарда зауыт жұмысшыларының үш буыны Еңбек күні қарсаңында марапатталды

Павлодарда зауыт жұмысшыларының үш буыны Еңбек күні қарсаңында марапатталды
Фото: Константин Шелков

Жалпы отбасылық еңбек өтілімі 130 жылды құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Гилевтер әулеті «Еңбек жолы» байқауының «Үздік еңбек әулеті» номинациясында жеңімпаз атанды. 

– Мұндай марапатқа ие болу — үлкен мәртебе. Біз алғаш рет қатысып, жеңімпаз атандық. Бұл — мен үшін де, отбасым үшін де үлкен мақтаныш, – дейді әулеттің отағасы Евгений Гилев.

Қазіргі таңда ол алюминий зауытындағы балқыту цехында басқару пультінің операторы болып қызмет етеді. Оның айтуынша, еңбек жолын ол 2000 жылы қарапайым жұмысшыдан бастап, уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, қазір жауапты қызметке көтерілген.

– Еңбек жолымды шахта тиеуші болып бастадым. Кейін агломератшы, одан соң операторлық қызметке ауыстым. Жұмысым маған ұнайды, бұл салада 25 жылдан астам тәжірибем бар, – деді ол.

Жұмыс күні таңғы бес минуттық жиыннан басталады. Бас шебер тапсырмалар беріп, қызметкерлер өз жұмыстарына кіріседі. Евгенийдің негізгі міндеті – сегізінші балқыту пешінің жұмысын басқару. Компьютерлік пульт арқылы ол процесті бақылап, қажет жағдайда әріптестеріне бағыт-бағдар береді.

Евгений Гилевтің сөзінше, жұмысшылар әулетінің негізін оның әкесі мен анасы қалаған.

–  Кәсіпорынға 1977 жылы әкем жұмысқа кірді. Қарапайым шахта тиеуші болып қызмет етті. Анам болса, 1988 жылдан бастап, әкеммен бір цехта еңбек етеді. Кейін басқа цехқа ауысады. Жалпы екеуінің махаббаты сол жерде пайда болды, – деді спикер.

Бүгінде әкесі мен анасы зейнетте. Қазір зауытта оның ұлы және туған әпкесі жұмыс жасап жатыр. Жасөспірім ұлдары да болашақта әке жолын қуғысы келеді.

– Мамандықтарымыз әртүрлі болса да, бір кәсіпорында жұмыс істейміз.  Бұрын мен әкемнің ізін қуып зауытқа тұрсам, енді менің ұлдарым да оны жалғастырып жатыр, – дейді Евгений Гилев.

Гилевтер әулетінің табысы – отбасылық бірлік пен адал еңбектің жемісі. Олардың жеңісі «Еңбек жолы» байқауында – бұл көп жылғы маңдай тердің, ұрпақтар сабақтастығы мен мамандыққа деген құрметтің нәтижесі.

– Біз үшін зауыт — бұл тек жұмыс орны емес, бұл – өмір салты. Осындай марапат – бүкіл отбасының еңбегінің бағалануы деп білеміз, – деді спикер.

Оның артынан еріп келе жатқан ұлы – Владислав Гилев, отбасылық дәстүрді жалғастырып, зауытта агломератшы болып жұмыс істеп жатыр.

–  Зауытта жұмыс істеп жатқаныма бес жыл болды. Әскерден кейін бірден осында келдім. Әкеммен телефон арқылы сөйлескен кезде: «зауытқа келесің бе?» деп сұрағанда мен «әрине, келемін» деп жауап бердім, – дейді Владислав Гилев.

Ол өзінің еңбек жолын агломератшы ретінде бастаған. Қиындығына қарамастан, жұмысты ұнатып, аз уақыт ішінде тәжірибе жинақтап, басқа ауысымға ауысып, соңғы үш жыл бойы бригадаларға жетекшілік етіп жүр.

– Цехтағы жұмыс оңай емес, физикалық ауырлық бар. Бірақ менің міндетім – отбасымның үмітін ақтау. Әкем мен атам осы зауытта еңбек етті. Мен де сол жолды жалғастыруға шешім қабылдадым. Бұл — үлкен жауапкершілік және мақтаныш, – дейді ол.

Владислав Гилев колледжде электрогаз дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алғанымен, әкесінің жолын қуып, басқа салаға бет бұрған.

– Арнайы жоспар болмады. Әкем ұсынды, мен келістім. Қазір өкінбеймін. Жұмыс өзіме ұнайды, әрі мансаптық өсу мүмкіндігі де бар, – дейді ол.

Еске сала кетейік, облыстық кітапханада республикалық «Еңбек жолы» байқауының өңірлік жеңімпаздарын марапаттады.

Фото: Ризабек Ахметов