Шарбақты ауданында оқушылар алғашқы табысын алды
Ауданда мектеп оқушылары үшін жұмыс орындары құрылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шарбақты ауданында аудандық мәслихат депутаты Владимир Поляковтың қолдауымен «Менің алғашқы теңгем» жобасы жүзеге асырылуда. Орловка ауылында «Победа» ЖШС-нде 14 жастан асқан мектеп оқушылары үшін жұмыс орындары құрылды.
– «Жеңіс» еңбек жасағының оқушылары ҚР еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс істейді. Олар жаз бойы қоқыстарды тазартады, бордюрларды ағартады, шөп шабады, гүл отырғызады және суарады. Жастар жұмысқа жауапкершілікпен қарайды – кешікпейді, учаскедегі үлкендердің барлық талаптары мен өтініштерін орындайды. Күн сайын балалар кәсіпорынның жұмыс жиындарына қатысады, – деді кәсіпорында.
Жасөспірімдердің бірінің анасы жұмыс күнінен кейін тоғызыншы сынып оқитын ұлы үйіндегі міндеттеріне жауапкершілікпен қарай бастағанын, үй шаруашылығында ата-аналарына көмектесуге дайын екенін айтады.
– Менің ұлым отбасында материалдық қаражат жеткіліксіз болғандықтан жұмыс істемейді. Өз еркі бойынша жазда жұмыс істеуге ниет білдірді. Болашақта қай мамандықты таңдаса да адал жұмысшы болады деп ойлаймын, – деді ауыл тұрғыны.
Балалар жұмыс пен демалысты алмастыра отырып, кешке спортпен шұғылданады. Ұлдар футбол, қыздар баскетбол ойнайды. Ал, кейбірі шахмат пен дойбыдан интеллектуалды қабілеттерін жетілдіреді.