Ертістік футболшылар ерекше балаларды Жаңа жылмен құттықтады
Жаңа жыл қарсаңында өткен Аяз ата кубогына арналған қайырымдылық турнирі спортшыларды, ардагерлерді және балаларды бір арнаға тоғыстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталған жарысты кезінде команданың негізін қалаушы Бауыржан Багиенов спорттық күнтізбеге енгізген болатын. Бүгінде бұл игі бастаманы ертістік футболшылар мен футбол ардагерлері лайықты түрде жалғастырып келеді.
– Биыл аудандық түзету мектебінен 30 баланы арнайы шақырдық. Олар үшін сыйлықтар, тәттілер мен ойыншықтар әзірленді. Ашылу салтанатында балаларды Аяз ата мен Ақшақар қарсы алды. Футболшылар балаларды жеке-жеке құттықтап, сыйлықтарын табыстады. Ал кішкентай қонақтар футбол матчының жанкүйерлеріне айналды, – деді «Ertis audany» командасының капитаны Нұрсұлтан Смайылов.
Облыстық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің аудандық әдіскері Расима Досова жыл сайын балаларға қолдау көрсетіп жүрген футболшыларға алғысын білдірді.
– Аяз ата кубогы тек футболдан өткізіледі және қайырымдылық сипатқа ие. Турнирге жастар мен ардагерлер командалары, Ертіс кентінің негізгі құрамасы, сондай-ақ ауылдық округтерден келген командалар қатысады. Орта есеппен жарыста 8-15 команда бақ сынасады, – дейді Нұрсұлтан Смайылов.
Айта кетейік, биыл «Ertis audany» командасының құрылғанына 13 жыл толды. Команда облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға тұрақты түрде қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз атанған.