Павлодарда ерекше балаларға арналған нағыз жаңа жылдық мереке ұйымдастырылды

Павлодарда ерекше балаларға арналған нағыз жаңа жылдық мереке ұйымдастырылды
Фото: Амира Жартекей

Жаңа жылдық шыршаға жүзден астам қонақ жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шаңырақ» концерт залында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа жылдық мереке өтті. «AMANAT» партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен балаларға арнап концерттік бағдарлама әзірленіп, түрлі тосынсыйлар мен сыйлықтар тарту етілді.

Жиналған қауымды облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, отбасыларға денсаулық, бақыт пен береке тіледі. Сондай-ақ ол мұндай мерекелердің ерекше балалар үшін көптеген жылдар бойы тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін шараға бірнеше ондаған отбасы қатысса, бүгінде мереке 132 отбасын қамтып отыр. 

– Іс-шараның басты демеушісі – облыстық мәслихат депутаты Гнел Акопян. Ал мерекені ерекше балалардың ата-аналары қауымдастығымен бірлесе ұйымдастырдық. Шараға осы қауымдастықтың құрамындағы, алдын ала тізім берген отбасылар шақырылды. Депутаттар жыл сайын әртүрлі отбасыларға қолдау көрсетіп келеді, – деді партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Айнұр Мұхамедярова.

Балалар үшін Аяз ата мен Ақшақар қатысқан жаңа жылдық қойылым көрсетіліп, «Шаңырақ» өнерпаздары өнер көрсетті. Мереке соңында кішкентай қонақтарға тәттілер, ойыншықтар және ақшалай сыйлықтар табысталды. 

– Шараның басты мақсаты – балаларға қуаныш сыйлап, жаңа жылдық көңіл-күй қалыптастыру. Әсіресе, үлкен мерекелерге сирек қатысатын, балабақша мен мектепке бармайтын балалар үшін бұл ерекше маңызды, – деді Айнұр Мұхамедярова.

Қатысушылардың бірі Гүлнұр Абулова қызының мұндай ауқымды жаңа жылдық мерекеге алғаш рет шақырылғанын айтады. Балаларға жарқын кейіпкерлер, әуендер мен үлкен шырша ерекше әсер қалдырған. Анасының айтуынша, шара өте үйлесімді ұйымдастырылып, балалар өздерін еркін әрі сенімді сезінген. 

Партияның облыстық филиалында атап өткендей, әр жылы балалардың түрлі санаттары үшін жаңа жылдық құттықтаулар әр форматта өткізіледі. Биыл «AMANAT» партиясының депутаттары ерекше балаларға, көпбалалы және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылардан шыққан шамамен мың балаға жаңа жылдық сыйлықтар тарту етті.