Павлодарда такси жүргізушісі мен жолаушы арасындағы дау сотта аяқталды
Төлем тәсіліне қатысты туындаған келіспеушілік соңы паникалық ұстамаға және әкімшілік іске ұласты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұсақ бұзақылық жасады деп айыпталған такси жүргізушісіне қатысты іс қаралды. Оқиға осы жылдың қараша айында орын алып, полиция инспекторы жүргізушіні жолаушыға физикалық күш көрсетті деп айыптаған болатын.
– Даудың басы жолаушы мен жүргізушінің жолақысын төлеу түріне келісе алмауынан басталған. Жолаушының алғашқы арызында жүргізуші оның көліктен шығуына кедергі жасап, киімін бүлдіріп, жерге құлатқаны айтылған. Алайда сот залында оқиғаның мүлдем басқа қырлары ашылды. Такси жүргізушісі өз кінәсін мүлдем мойындамай, жолаушының тек күйзеліске түсіп, өздігінен жерге отырып қалғанын алға тартты, – деді соттың баспасөз қызметі.
Сот отырысы барысында жолаушы әйел сол сәтте көлік есіктері жабық болғандықтан, бойын үрей билеп, паникалық ұстама басталғанын мойындады. Оның айтуынша, жүргізуші оны тоқтатпақ болып күртесінен ақырын ғана тартқан, ал жерге ол қатты стресстің әсерінен өзі құлаған. Куәгерлер де әйелдің жерде отырғанын көргенімен, жүргізуші тарапынан ешқандай бұзақылық әрекеттерді байқамағандарын жеткізді.
Іс материалдарын мұқият зерттеген сот жүргізушінің кінәсін дәлелдейтін нақты айғақтардың жоқ екенін анықтады. Нәтижесінде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша қозғалған іс құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.
Сот шешімі заңды күшіне еніп, такси жүргізушісіне тағылған айыптар алынып тасталды.