Павлодарда инклюзивті білім берудегі оқыту тәжірибесі талқыланды
Жиынға халықаралық сарапшылар, ғылым мамандары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетте «Инклюзивті білім берудің принциптері мен жағдайлары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Облыстық білім беру басқармасының балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Жібек Айтмұхамбетованың айтуынша, қазіргі уақытта облыста 10 мыңнан астам ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар тұрады.
– Бұл – өткен жылдармен салыстырғанда едәуір өсім, және бұл өсу диагностика мен коррекциялық қызметтердің қолжетімділігінің жақсаруымен байланысты. Қазіргі уақытта аутизм орталығында 305 бала білім алуда. Сонымен қатар, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау ұйымдарында 500-ден астам бала қамтылған, – деді ол.
Өңірдегі балалардың 56 пайызы инклюзивті біліммен қамтылған. Арнайы білім берумен шамамен 3000 бала қамтылған, оның ішінде арнайы мектептерде, мектеп интернаттарында, арнайы сыныптарда оқитын балалар бар
Аймақта инклюзивті білім беруге арналған 34 білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде жеті арнайы мектеп-интернат, тоғыз арнайы балабақша, төрт психологтық медико-педагогикалық консультация, 13 психолог кабинеті және бір аутизм орталығы.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, Марғұлан университетінің профессоры Ботагөз Сатылдина өз баяндамасында инклюзивті білім берудің маңызды аспектілеріне тоқталды.
– Біздің университетте болашақ педагогтарды ерекше білім беру жүйесінде жұмыс істеуге дайындайтын пәндер бар. Негізгі пән – инклюзивті білім беру ортасы, оның мақсаты – болашақ педагогтарды балалардың әртүрлі қажеттіліктеріне бейімделген оқытуға даярлау, – деді профессор.
Сонымен қатар, оқытушы жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні балалармен жұмыс істеуде қолданудың маңыздылығын атап өтті. Оның пайымдауынша, инклюзивті білім тек мүгедек балаларға ғана емес, барлық балаларға, оның ішінде дарынды балаларға да қатысты. Аталмыш конференцияда тұңғыш рет дарынды балалармен жұмыс туралы баяндама оқылды.
Іс-шара соныңда конференция қатысушылары инклюзивті білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру, инновациялық әдістерді енгізу және барлық балаларға тең мүмкіндік жасау қажеттігін баса айтты. Облыс осы бағытта тәжірибелік алаң ретінде қалуға және жаңа методикаларды енгізуге дайын.