Павлодарлықтар жылдың бірінші айында бірнеше драмалық қойылымдарды тамашалай алады

Павлодарлықтар жылдың бірінші айында бірнеше драмалық қойылымдарды тамашалай алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры 2026 жылғы қаңтар айының репертуарын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ай соңына дейін көрермендер назарына бес қойылым ұсынылады. 

«Біз туралы» («Жылымық» әңгімесінің желісі бойынша) лирикалық драма

13 қаңтар, 17:00 

«Жылымық» – адам жүрегіндегі мейірім мен сағыныш, сүйіспеншілік пен кешірім жайлы сыр шертетін әсерлі драма. Қазақ әдебиетінің классигі Оралхан Бөкейдің бұл туындысы – адамның рухани әлемін, өмірдің аязды сәттерінде де жылылық табуға ұмтылған жанның ішкі күресін бейнелейді.

Қойылымда адам тағдыры, олардың өмірге, махаббатқа және бір-біріне деген сенімі көрініс табады. Суық қоғамда да адамды тірі ұстайтын күш – махаббат пен мейірім екенін спектакль әр көрінісінде сездіреді.

Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі бойынша драмалық қойылымы

16 қаңтар, 18:00

«Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін...» деп басталатын повесті аға ұрпақ кезінде жата-жастана оқығаны мәлім. Қазақ балалар әдебиетіндегі шоқтығы биік туындының желісі бойынша сахналанатын қойылымда Қожаның басынан өткізген оқиғалары, сондай-ақ достық пен мейірімділік сынды киелі ұғымдар дәріптеледі.

«Жәмила» драмасы

27 қаңтар, 18:00

«Адамзаттың Айтматовы» атанған ұлы жазушы Ш.Айтматовтың «Жәмила» повесінің желісі бойынша сахналанған қойылымда мөлдір махаббат пен шынайы сезім көрініс тауып, қайсар Жәмиланың тағдыры бейнеленеді. Ауыр жылдардың жаңғырығы әйел болмысына ойран салып, тағдырын шимайласа да жүрегінің үзілмеген әні үмітіне дем берді. Жәмиланың жаны ақ бұлттан жаралғандай кіршіксіз болса, мейірімі күннен таралғандай сәулелі еді. Табиғаты сыршыл, ақын жанды Жәмиланың сезімі мен сенім биігінде жолыққан Даниярдың махаббаты жарыққа жетеледі. Қараңғылықтан арашалады. Қос ғашық сөздеріне берік, сезімдеріне адал бола білді. Олар таптаурындылықтың қамытын шешіп, жарқын болашаққа қадам басты.

«Мұғалім» әлеуметтік драмасы 

29 қаңтар, 16:00

Ұстаз. Ол – жүрегіне ғаламды сыйғызған тұлға. Әрбір сөзі – шәкіртке шамшырақ, әрбір ісі – болашаққа жол сілтер нұр. Бірақ оны ата-ана мен оқушы түсіне ме? Мұғалім тағдыры арқылы адалдық пен мейірімнің, арман мен үміттің, жауапкершілік пен жанқиярлықтың сырын ұғынуға болады. Бұл қойылым мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы мәселелердің шешімін табуға жол бастайды.

Авторы: Қолғанат Мұрат. Режиссері: Әділет Ақанов.

«Шәмші» спектакль-концерті 

31 қаңтар, 17:00

«Шәмші» спектакль-концерті – сазгердің халық аузынан түспейтін, классикаға айналған шығармалары қалай дүниеге келді деген сұраққа жауап қайтарады. Мың ғасырда бір туатын Шәмші мен Шабыт. Олардың тек екеуара ғана түсінетін әлемдері бар. Шәмшінің ішкі сыры әрбір жүректі толғайды. Анасының әлдиіне уынған тау тұлға, есейе келе ғашығы - Сағыныштың сазына қанығып, махаббат жайлы сыр шертеді. Өмірдің құлазытқан сәттеріне мойымай, мәңгілік әуендерді мұраға қалдырды.

Авторы: Нұркен Тұрлыбек. Режиссері: Әділет Ақанов.