Баянауыл ұлттық саябағында бір топ арқар көзге түсті

Баянауыл ұлттық саябағында бір топ арқар көзге түсті
Видео: Аждар Жүсіпов

Видео «Қызыл тау» қорығының маңында түсірілген, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекеттік ұлттық саябақ басшысы Аждар Жүсіповтің айтуынша, видеодан арқарлар өздерін еркін сезінетінін көруге болады. 

– Бүгінгі таңда арқарлардың аналықтары аталықтардан бөлініп, көктемге дайындықты бастады. Көктемде олардың қатары жас жануарлармен толығады. Аталық арқарлар да топтарға бөлінуде. Олар енді күзге қарай бірақ жұптасады, – дейді Аждар Жүсіпов. 

Айта кетейік, арқар – биік тауларда жүретін, аязға өте төзімді жануар. Қазақ халқы оны қойға ұқсас жануарға балап, асқан мейірімділікпен қараған. Сақ дәуірінде арқар елдіктің рухты символы болып саналған деседі. Есік қаласының жанынан табылған Алтын адамның бас киімінің ең жоғары бөлігіндегі алтыннан құйылған мүсіні соған айғақ болған. Сондай-ақ еліміздегі тастар мен жартастарда киелі жануардың петроглифтері қашалып салынған. Киіз, текемет, кілем, ұлттық киімдерде де арқармүйізді ою-өрнектер бейнеленген. 

Павлодар облысында жануарлардың қозғалысын есепке алу күнделігіне сәйкес 800-ден астам арқар бар. Жабайы қойдың ең үлкенінің ұзындығы – 120-200 см, биіктігі – 90-120 см, ал салмағы – 65-180 келі. Жануарлар табиғи жағдайда 12-14 жыл өмір сүреді.