«Ертістің» бұрынғы футболшысы «Шахтерге» ауысты

Павлодарлықтар «Ертістің» бәсекелестерін күшейтуді жалғастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жартылай қорғаушы Жасұлан Қайыркенов Премьер-лигаға жолдама алу үшін «Ертістің» басты бәсекелестерінің бірі – қарағандылық «Шахтермен» келісімшартқа отырды. Жыл басында ол павлодарлық қақпашы Михаил Голубничиймен бірге туған командасынан кетіп, талдықорғандық «Жетісуға» ауысты. Жартылай қорғаушы Премьер-лига клубында сегіз матч өткізді.
Ойыншы былтыр да «Екібастұз» мен «Ертіс» командаларында жарты маусымнан ойнады. Жасұлан Қайыркенов жас кезінде «Астана» академиясына көшкенімен, елордалықтардың негізгі командасына өте алмады.
«Ертіс» бұдан бұрын трансферлік терезе ашылғанда павлодарлық футбол орталығының түлегі Вячеслав Раскатовпен қоштасқан болатын. Орталық жартылай қорғаушы Бірінші лига чемпионатында көш бастап келе жатқан «Каспий» командасына қосылып, бірден «теңізшілер» сапында мықтап орналасты. 6:1 есебімен аяқталған 15-турдың «Академия Оңтүстік» командасына қарсы ойында жартылай қорғаушы жасыл алаңға негізгі құрамда шықты.
Айтпақшы, бұл кездесуде «Ертіс» футбол орталығының тағы бір түлегі Мирас Тұрлыбек хет-трик жасады. Каспийдің шабуылшысы 14 матчта 15 гол соқты.
«Ертіс» «Каспийді» өкшелеуді жалғастыруда, айырма бес ұпайды құрап тұр. Павлодарлықтар келесі кездесуін өз алаңында өткізеді. 1 тамыз күні бес дүркін ел чемпионы басты қарсыластарының бірі қарағандылық «Шахтерды» қабылдайды.