Еліміздің алты дүркін чемпионы «Ертіске» келе ме?

Еліміздің алты дүркін чемпионы «Ертіске» келе ме?
Фото: qfl.kz

«Елімай» қатарын жаңартуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2024 жылғы маусым аяқталғаннан кейін семейлік клуб Эдарлин Рейес Урена, Шина және Дмитрий Яшинмен қоштасты. «Серый КАРДИНАЛ» телеграм каналының хабарлауынша, олардан кейін Дмитрий Шомко, Дмитрий Шмидт, Иван Шараванья және Денис Кавлинов Елимайдан кеткен.

Бұл тізімдегі алғашқы екеуі кезінде Павлодардың «Ертісінде» ойнады. «Астанамен» алты дүркін ел чемпионы атанған Дмитрий Шомко 2009-2013 жылдар аралығында «Ертіс» сапында төрт жыл өнер көрсетіп, еліміздің күміс және қола жүлделерін жеңіп алды. Екібастұздық футбол түлегі павлодарлық команда үшін барлығы 120 кездесу өткізіп, сегіз гол соқты. «Ертіс» сапында ойнап жүргенде латераль Қазақстан құрамасына шақырыла бастады, нәтижесінде ол еліміздің нөмірі бір команда үшін 48 матч өткізді.

Дмитрий Шомко «Елімай» сапында 2024 жылы өнер көрсеткен. Семейліктер сапында футболшы барлық турнирлерде 25 кездесу өткізіп, бір гол соғып, төрт нәтижелі пас берді.

Естеріңізге сала кетейік, Екібастұз футболының тағы бір түлегі Максим Федин клубсыз қалған болатын. Қараша айында ойыншы «Ордабасыдан» кетті.

Келесі жылы жаңғырған «Ертіс» Бірінші лигада бақ сынасады, онда бәсекелестік деңгейі Екінші лигадан әлдеқайда жоғары. Павлодарлықтардың қарсыласы «Шахтер» және «Тараз» сынды атақты клубтар болмақ. Команданы күшейту керектігі анық.