Есірткісіз болашақ: Павлодарда студенттерге ащы шындық айтылды
Технологиялық колледж студенттері бұрынғы нашақормен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірімдер арасындағы нашақорлық – қоғамның ең ауыр дерті.
Көбіне ата-аналар бала мінезіндегі өзгерістерді өтпелі кезеңге балап, қауіптің бетін аша алмай жатады. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі Эльмира Сейтахметова бұл мәселеде ақпараттық сауаттылық пен қырағылықтың маңызды екенін алға тартты. Оның сөзінше, есірткіге тәуелділікті ерте бастан анықтау ғана адамды тығырықтан алып шығуға мүмкіндік береді.
Кездесудің ең әсерлі сәті бұрын есірткіге тәуелді болған Кенже есімді азаматтың ортаға шығуы болды. Ол өз өмірін мысалға келтіре отырып, тәуелділіктің адамды қалай деградацияға ұшырататынын бүкпесіз баяндап берді.
– Есірткіге байланған адам өзіне ие бола алмайды, ол жақындарының сенімінен айырылып, өтірік пен ұрлықтың батпағына батады, – деген ол, жастарды жалған қызыққа алданбауға шақырды.
Мамандар есірткінің зардабы туралы шынайы мысалдар жастардың санасына көбірек әсер етеді деп есептейді. Тәртіп сақшылары кез келген күдікті жағдай байқалғанда мамандардың көмегіне жүгінуден қорықпау керектігін тағы бір мәрте ескертті.