Exit poll: Халықтың қанша пайызы АЭС құрылысын қолдады?
Қоғамдық саясат институты еліміздің барлық өңірінде Exit Poll өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қоғамдық саясат институтының ресми Telegram арнасының мәліметінше, сауалнама барысында 600-ден астам интервьюерлер мен супервайзерлер жұмыс атқарды.
Экзитполға 44 160 азамат қатысты.
Сауалнама 300 дауыс беру учаскесін қамтыды.
Экзитпол нәтижесі бойынша, сауалнамаға қатысушылардың 72,3%-ы Қазақстанда атом электр станциясының құрылысымен келісемін деп жауап берді. Қарама-қарсы пікір білдіргендер 27,7%-ды құрады.
Дауыс беру учаскелерінің шыға берісінде сауалнаманы арнайы Exit Poll жүргізу технологиясын меңгерген интервьюерлер жүргізді.
Еске салайық, 6 қазанда елімізде атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум өтті. Республика бойынша учаскелерде дауыс беру сағат 20:00-де аяқталды.
Орталық референдум комиссиясы күні бойы учаскелердің ашылуы және дауыс берудің басталуы туралы ақпарат беріп отырды. 2024 жылғы 6 қазанда сағат 20:00-дегі жағдай бойынша Павлодар облысында тізімге енгізілген тұрғындардың 65,09% таңдау жасап үлгерді.