Қазақстанда жасыл энергия көлемі екі есе артты

Қазақстанда жасыл энергия көлемі екі есе артты
Фото: pexels.com / Pixabay

ЖЭК нысандары инвесторлар қаражаты есебінен салынуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі 6,43%-ды құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өсім, сол кезде ЖЭК үлесі небәрі 3% болған еді.

Соңғы бес жылда елде бұл көрсеткіш тұрақты өсіп келеді: 2021 жылы – 3,69%, 2022 жылы – 4,53%, 2023 жылы – 5,92%, ал 2024 жылы – 6,43%-ға жетті. Бұл өсім «жасыл» экономиканы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі іске асырылып жатқанын көрсетеді.

– «Жасыл» электр энергиясын өндіру көлемінің артуы жаңартылатын энергия көздері секторындағы инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған дәйекті мемлекеттік саясаттың нәтижесі болып отыр. Озық халықаралық тәжірибелер енгізіліп, жүйелі қолдау шаралары жүзеге асырылуда, ал нысандардың құрылысы мен пайдалануға берілуі инвесторлардың қаражаты есебінен іске асуда, – Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің баспасөз орталығы.

Қазіргі таңда республикада жалпы қуаты 3 ГВт-тан асатын 154 ЖЭК нысаны жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында 63 жел электр станциясы, 46 күн электр станциясы, 42 су электр станциясы және 3 биогаз станциясы бар.

Министрлікте атап өткендей, ЖЭК дамыту – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл саласындағы басты басымдықтардың бірі.