Францияда дауылға байланысты ауа райы қаупінің қызыл деңгейі жарияланды
«Киран» дауылы әлек салып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Еuronews-ке сілтеме жасап.
Синоптиктердің айтуынша, «Киран» дауылы сәрсенбі күні кешке елдің солтүстік-батысына жеткен. Бретаньнің екі департаменті мен Нормандияның бір департаментінде дауылға байланысты ауа райы қаупінің қызыл деңгейі жарияланды.
Елдің солтүстік-батысында қатты нөсер жауын жауып, 170 км/сағ жылдамдықпен жел соғады деп болжанып отыр – аймаққа Атлант мұхитынан «Киран» дауылы жақындап келді. Үш департаментте ауа райы қаупінің жоғары қызыл, тағы 17-сінде қызғылт сары деңгейі жарияланған. Бұл – биылғы жылы алғашқы күшті күзгі дауыл.
– Сәрсенбі күні кеште басталған дауыл, бейсенбіге дейін жалғасады. Францияның ішкі істер министрі Жеральд Дарманен Бретань мен Нормандия тұрғындарын алдағы түні үйлерінен шықпауға, ағаштар мен теңізден алыс жүруге шақырды. Дауыл кезінде толқын биіктігі 10 метрге жетеді деп болжанып отыр, – дейді метеорологтар.
Теңіз жағалауындағы кейбір жолдар жабылады. Сондай-ақ, аймақтық және қалааралық пойыздардың қозғалысы тоқтатылады. Жергілікті уақыт бойынша сағат 17:00-де «Брест Бретань» әуежайы жабылады, ал аралдарға паром қатынасы тоқтатылуы мүмкін.
Аймақта 3200 құтқарушы мен төрт тікұшақ жұмылдырылды.