Павлодар облысында алимент бойынша 5 миллиард теңгеден астам берешек өндірілді
Өңірде борышкерлердің берешегін өтеу және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс прокуратурасы сот орындаушылары, полиция және жұмыспен қамту органдарымен бірлесіп, алимент төлеуден жалтарған азаматтарға қатысты шаралар қабылдауда. Сонымен қатар, бюджет алдындағы 1 миллиард теңгеден астам берешек өндірілген.
Берешекті өндіріп алу үшін борышкерлердің мүлкіне де шара қолданылуда. Мәселен, «Кибер-шериф» жүйесіне алимент және өзге де берешегі бар азаматтардың 300-ден астам автокөлік туралы мәлімет енгізілген. Оның 67-сі арнайы тұраққа қойылды.
Ал алимент бойынша 1,4 миллион теңге берешегі бар азаматтың автокөлігі қарыздың бір бөлігін өтеу есебінен өндіріп алушыға берілді. Ақсу қаласында тағы бір борышкердің 1,3 миллион теңге қарызы үшін автокөлігі сауда-саттыққа шығарылды.
Бұдан бөлек, жалпы құны 12,8 миллион теңге болатын үш жылжымайтын мүлік өндіріп алушыларға берілді.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде іздеуде жүрген 14 борышкер анықталды. Солардың бірі балаларына 9 миллион теңге алимент төлемеген. Прокуратураның араласуынан кейін берешек толық көлемде өтелді.
Прокурорлар борышкерлерді жалған іздеу деректеріне қатысты да заңбұзушылықтарды анықтаған. 404 борышкер қатысы бар 148 атқарушылық іс бойынша осындай фактілердің жолы кесілді.
Сонымен қатар, берешегі бола тұра ақшасын құмар ойындарға жұмсаған азаматтар анықталды.
Жалпы 225 борышкер әкімшілік, 24 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура алимент төлеу – ата-ананың заңмен белгіленген міндеті екенін еске салады.