Ақсулық өнерпаздар халықаралық байқаудан қос жүлдені қанжығалады

Ақсулық өнерпаздар халықаралық байқаудан қос жүлдені қанжығалады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Шабыт» вокалдық ансамблі «Күміс сахна» ардагерлер шығармашылық ұжымдарының байқауында өнер көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара Түркістан облысының Сарыағаш қаласында өтті. Алма Қуанышбекованың жетекшілігіндегі Ақсу шағынауданы мәдени-демалыс орталығының шығармашылық ұжымы туған қаласының намысын лайықты қорғады. Ансамбль мүшелері вокалдық шеберлігі мен сахнадағы өнерін көрсетіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Шығармашылық байқау қорытындысы бойынша ансамбль бірден екі жүлдеге – Гран-при мен бірінші орынға ие болды.

Ақсулықтардың жетістігін Татьяна Александрова да толықтырды. Ол «Қолөнер» номинациясында капроннан жасаған авторлық қуыршақтарын ұсынып, Гран-при жеңіп алды.

«Шабыт» ансамблі үшін Сарыағаш сапары өнерпаздардың өз өнерлерін көпшілікке таныстырумен қатар, шығармашылық мерекеге айналды. Олар басқа да шығармашылық ұжымдардың мүшелерімен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Ансамбльдің бұл жетістігі шығармашылықтың жасқа шектеу қоймайтынын тағы бір мәрте көрсетті. Музыка мен өнерге деген қызығушылық белсенді болуға, жаңа шабыт табуға және айналадағыларға қуаныш сыйлауға мүмкіндік береді. Халықаралық байқаудағы жеңіс Ақсу қаласының шығармашылық ұжымы үшін тағы бір айтулы жетістік болды.