Әкеге деген сағыныш – павлодарлық қарияның кітап ұрлауына түрткі болды
Алайда зейнеткердің ерсі әрекеті RFID заманауи жүйесінің көмегімен дер кезінде әшкереленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқиға Павлодар қаласындағы орталық қалалық кітапханада орын алған. Қария «Жеңімпаздар» атты басылымнан әкесінің аты-жөнін байқап, оны рұқсатсыз алып кетуге әрекеттенген. Алайда ғимараттың шыға берісіне орнатылған арнайы бақылау қақпалары тіркеуден өтпеген кітапты анықтап, дабыл берген. Нәтижесінде басылым кері қайтарылды.
Павлодар қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі басшысының орынбасары Гүлнар Шокубаеваның сөзінше, цифрлық технологияларды пайдалану кітапхана жұмысын едәуір жеңілдетіп, оқырмандарға қызмет көрсету мүмкіндігін кеңейткен.

– RFID жүйесі заманауи кітапханаларымызда кеңінен қолданылады. Әр басылымға арнайы таңба жапсырылған. Нәтижесінде оқырман өзіне-өзі қызмет көрсету терминалы арқылы бірнеше кітапты бір уақытта жылдам рәсімдей алады. Ал ғимараттың шыға берісіндегі арнайы қақпалар әдебиеттерді рұқсатсыз алып шығудың алдын алады, – дейді Гүлнар Шокубаева.
Айта кетейік, RFID – радиотолқындар арқылы заттарды қашықтан тануға мүмкіндік беретін сымсыз технология. Әр кітапқа орнатылған шағын чиптегі ақпаратты арнайы сканер бірнеше секунд ішінде оқиды. Бұл тәсіл басылымдарды тіркеу, іздеу және олардың қозғалысын бақылау жұмыстарын автоматтандыруға көмектеседі.

Кітапхана саласын цифрландыру бағытындағы тағы бір жаңашылдық – «МегаПро» автоматтандырылған интеграцияланған кітапханалық жүйесін енгізу. Қазір мамандар жаңа бағдарламаны игеріп, әдебиеттер қорын электрондық форматқа көшірумен, библиографиялық мәліметтерді толықтырумен және электрондық каталог жасаумен айналысуда.
– «МегаПро» жүйесін толық енгізу жұмыс үдерістерін оңтайландырып, кітап қорының есебін нақты жүргізуге жағдай жасайды. Сонымен қатар оқырмандарға ұсынылатын қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп толықтырды кітапхана өкілі.
Қазіргі уақытта орталық қалалық кітапханада 60 мың, ал Мүбарак Жаманбалинов атындағы орталық балалар кітапханасында 40 мың дана әдебиетке чип орнатылыпты. Алдағы уақытта қордағы жалпы 120 мың басылымды RFID жүйесімен қамту көзделіп отыр.