Павлодар облысында оқушылардың тамақтану мәселесі қатаң бақылауға алынады
Асханадағы тамақтың сапасына қатысты екі шағым түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина мәлім етті.
– Мектеп ішіндегі брокираждық комиссиялар балалардың тамақтану сапасына мониторингін жүргізеді. Оның құрамына ата-аналар, мектеп әкімшілігі кіреді. Оның нәтижесінде жалға берушілерге ұсыныстар енгізіледі, – деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, білім беру басқармасына облыс орталығының екі мектептегі асхананың сапасына қатысты шағым түскен.
– Мұхтар Әуезов атындағы мектепте тамақты дайындау технологиясын сақтау бөлігінде бұзушылықтар анықталып, жалға алушыға арнайы ұйғарым шығарылып, айыппұл салынды. Ал №39 мектепке қатысты арнайы түскен өтініштер жоқ, десек те орын алған жағдайға байланысты мектеп әкімшілігі облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне арнайы арыз жазды. Бүгінде ол арыз тіркеліп, жұмыстар жүргізілуде, – деді Самал Айтқазина.
Асайын Байханов бала құқықтары жөніндегі уәкілі депутаттық корпуспен бірлесіп, тамақтану мәселелерін талқылау үшін асхананың барлық жалға алушылармен кездесу өткізуді тапсырды.
– Балалардың денсаулығы және де оларды тамақпен қамтамасыз ету – өте маңызды міндет. Мектептердің бәрінде мониторинг жүргізіп, осы сұрақты қатаң бақылауда ұстау керек, – деді облыс әкімі.
Самал Айтқазинаның айтуынша, мектепішілік брокираждық комиссия күнделікті асханаларды бақылайды.
Еске сала кетейік, М.Әуезов атындағы орта білім мектебінің асханасында құрты бар ботқа мен котлет табылды. Мектеп директорына сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған болатын.