Кенжекөлдік балғындар балабақшаға зәру
Елді мекендегі 1-6 жас шамасындағы балғындардың 90 пайызға жуығы мектепке дейінгі мекемеге бара алмай отыр. Себебі, бала көп, ал балабақшада орын жоқ.
Бұл туралы «Aiqara.kz» ақпараттық-сараптамалық порталында жарияланды.
Павлодар қаласының іргесіндегі Кенжекөл ауылында халық саны күрт көбеюде. Кенжекөл ауылы облыс орталығына тиіп тұрғандықтан өзге ауыл-аудандардан қоныс аударушылар қатары жылдан-жылға артуда.
Бүгінгі күні ауыл кеңейіп, өсіп-өркендеп келе жатқанымен балғындарды балабақшамен қамту мәселесі күн тақырыбында өткір тұр. Бұл жағдай ауылдықтарды, әсіресе, декреттік демалыста отырған аналарды қатты толғандыруда.
– Өкінішке қарай, біздің ауылдағы көптеген әйел баласын бағып, жұмысқа шыға алмай отыр. Себебі, балабақшада орын жоқ. Мәселен, менің ұлым келер жазда 3 жасқа толады. Осы балама қарайлап, жұмыссыз байланып отырмын. Ауылда оны қалдырып кететіндей сенімді адам жоқ. Елдімекенімізде балабақша болғанымен, орын жетіспейді, – дейді Сая Күркімбаева есімді кенжекөлдік тұрғын.
Амалы таусылған кейбір тұрғындар баласын қыстың қақаған аязына, жаздың аптап ыстығына қарамай, қаладағы балабақшаларға таситынын айтады. Павлодар қалалық білім беру бөлімінің мәліметі бойынша, дәл қазір 99 кенжекөлдік балғын қаладағы балабақшаларға барып жүр. Ал ресми түрде есепке енбей қалған қанша баланың бар екені белгісіз… Бұл ретте, жекеменшік көлігі жоқ тұрғындар үшін кішкентай баланы қалаға сүйреп жүру де оңай емес екенін айта кеткен жөн.
Павлодар қалалық білім беру бөлімі ұсынған мәлімет бойынша, бүгінде Кенжекөлде ресми түрде тіркелген мектеп жасына дейінгі 944 бала бар. Ауылдағы №20 балабақшада 160 балғын тәрбиеленуде, ал 64 бала мектептегі даярлық тобында білім алуда. Демек, қалған 700-ден астам кенжекөлдік баланы мектепке дейінгі мекемелермен қамту қажет. Бұл аталғандар тізімге алынғаны ғана. Ал әлі тіркелмеген отбасылары мен балаларды қоссақ, статистика еселеп артып кетуі бек мүмкін.
Кенжекөл ауылының әкімі Медет Сансызбаевтің айтуынша, ауылда тұрақты тіркеуге алынған 9233 адам бар. Тіркелмегендер саны беймәлім. Соңғы уақытта көшіп келушілер есебінен халық саны өсуде.
– Балабақша мәселесі назарымызда. Биыл ауылды дамыту жоспарына түзетулер енгіздік. Сол бойынша үшінші кіреберіс аумағында жаңа балабақша құрылысы бой көтеретін болады. Оның орнын дайындап, белгілеп қойдық. Бірақ балабақша салу ісі білім беру бөлімінің құзырында, – дейді ауыл әкімі.
Ал, Павлодар қалалық білім беру бөлімі басшысының м.а. Жанат Асайынова жоспар бойынша Кенжекөл ауылында 240 орындық мектепке дейінгі мекеме ғимараты 2026 жылы салынатынын айтады. Бұл қағаз жүзіндегі жоспар ғана. Әзірге жаңа балабақша ғимаратына байланысты ешқандай жобалық-сметалық құжаттама жасалынбаған, қаражат қарастырылмаған екен.
Демек, бұл жоспар нақтыланып, жаңа нысанның қабырғасы қаланып, тұсауы кесілгенше талай өзгеріс орын алары сөзсіз. Сондықтан қуануға әлі ерте. Қазіргі уақытта 700-дей балаға орын керек болса, енді бірнеше жылдан кейін балабақшаға деген сұраныс екі есе болып кетуі ғажап емес.
Нұржайна Шодыр
Фото: Константин Шелков