«Мектепке тағзым»: Баянауылда кәсіпкер білім ордасына сыйлық тарту етті

«Мектепке тағзым»: Баянауылда кәсіпкер білім ордасына сыйлық тарту етті
Фото: Баянауыл ауданының білім беру бөлімі

М.Ж.Көпейұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебі 50 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

«Баянауыл-Агро» ЖШС басшысы, Мәшһүр Жүсіп ауылының тумасы Айгүл Қуандыққызы оқу бітіргеніне биыл 35 жыл толған. Кәсіпкер «Мектепке тағзым» акциясы аясында өзі оқыған білім ордасына музыкалық аппаратура сыйға тартты. 

– Мектеп – адам өмірінің бір белесі, сондықтан да алтын ұяң мен ұстаздарыңды, сыныптастарыңды ұмытуға болмайды. Қолымнан келгенінше көмектесуге тырысамын. Асыр салып ойнап өскен ауылым, білім алып, қанат қаққан мектебім гүлденіп, өркендей берсін! – дейді Айгүл Қуандыққызы. 

Бұдан бөлек, ол заманауи интерактивтік панель құралына (TOUCH Panel) тапсырыс берген, сыйлықты алдағы күндері жеткізу көзделіп отыр. 

Баянауыл ауданы білім бөлімінің басшысы Мереке Абдыкаримовтың айтуынша, аудан түлектері өздерінің білім алған алтын ұяларына жиі қолдау көрсетіп отырады. 

– Биыл 2020 жылғы түлектер Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жалпы орта білім беру мектебінің алдына кеспе тастар төсеп, жеті домбыра сыйлады. Лекер жалпы білім беру мектебінің түлектері 100 мың теңгеге жиһаз сатып алу үшін сертифкат, электр пешін, спорт құралдарын тарту етті, – дейді Мереке Абдыкаримов. 

Еске сала кетейік, Республика күні қарсаңында Мәшһүр Жүсіп ауылында ойын алаңы ашылды, балаларға арналған заманауи сапалы құрал-жабдықтар орнатылды. Ойын алаңы облыстық бюджеттен салынды. Жобаның құны – 13 миллион 266 мың 534 теңге. Павлодарлық мердігер «СКЭР» ЖШС зақымданудан сақтайтын тігіссіз резеңке қиқымдарынан тұратын тартан төсеп, жарық шамдарын құрды.