Кредитпен финалға: Павлодарлық жайдарманшылар фавориттерді ұшыруда

Кредитпен финалға: Павлодарлық жайдарманшылар фавориттерді ұшыруда
Фото: Алмаз Сәлденбеков

Олар республикалық Жайдарман премьер-лигасының финалына өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Республикалық жайдарман ойындарының премьер-лигасында «Андриановка» құрамасы өңіріміздің намысын қорғап, өнер көрсетті. Жайдарман ойындары бүгінгі таңда «Жекпе-жек» форматында өткізілуде. Өңірлік жайдарманшылар жақында өткен лиганың жартылай финалында фаворит команданың бірі «Созақбайға» қарсы ойнады.

– Негізі қиынға түсті деп айтуға болады. Себебі – ширек финалдан өткен соң екі күннен кейін жартылай финал өтті. Материал жағынан біраз қиналдық. Тіпті, сахнаға шығардың алдында дайындықтарымыз дұрыс болмай, материалымыз әлі жинақталмаған еді. Алайда өзіміздің стильмен халықты күлдірте алдық, – дейді «Андриановка» құрамасының капитаны Алмаз Сәлденбеков.

Жартылай финалда кездескен «Созақбай» командасы – бұған дейін фавориттігін көрсетіп, көрерменнің көзайымына айналған команда. Көршілес Қырғызстан лигаларында өнер көрсетіп жүрген жайдарманшылар. Алайда жерлестеріміз оларға жол бермей, 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді.

Жергілікті жайдарманшылар бұл лиганың маусымашарына бері өз қалталарынан ақша қосып, сүйікті ойындарын ойнауда. Спикер кейде қаражат қалтаны жұқартатынын айтады.

– Енді әзірге демеушіміз жоқ. Бұл соңғы екі ойында өз қаражатымыздан 1 миллионға жуық қаражат кетті. Тіпті, несие алудан таянбадық. Алдыңғы ойындардың несиесін балалар әлі күнге дейін төлеуде. Бірақ атқарған еңбегіміз бен төккен тер нәтижесін беруде. Ширек финал ойынына Торайғыров университеті кішігірім ақшалай қаражат бөлген еді, университет басшылығына алғысымызды білдіреміз, – дейді Алмаз Сәлденбеков.

Айта кету керек, команда бұған дейін Ақтоғай ауданының демеушілігімен «Ақтоғай» құрамасы болып өнер көрсеткен еді. Кейін команда атын өзгерткен. Бүгінгі таңда «Андриановка» атымен өнер көрсетіп, ауыл өмірі көріністерін сахнаға шығарып жүр. Соңғы ойындарда көрерменге ерекше стилімен танылған команда Жайдарман ойындарының төрағасы Есен Елеукеннің көзіне іліккен. Сондай-ақ ол павлодарлық командаға жоғары лиганың іріктеуінде өнер көрсететіні жайлы айтқан.

Еске сала кетейік, ширек финалда аталмыш құрама «Қабырғалар» командасына қарсы ойнап, қазылар алқасының шешімі бойынша 4:1 есебімен ұтқан еді.

Фото: jaidarman_production