Мәслихат сайлауы: үгіт жүргізуге тыйым салынатын күндер белгілі болды
29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы қарсаңында прокуратура органдары сайлау заңнамасының сақталуын жіті қадағалауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта заң бұзудың 13 дерегі анықталған. Оның жетеуі үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде үгіт-насихат жасаумен байланысты. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура азаматтарға сайлау алдындағы үгіт-насихат 28 қарашада сағат 00:00-де аяқталатынын ескертті. Белгіленген күннен бастап, сондай-ақ дауыс беру өтетін 29 қарашада кез келген үгіт жүргізуге тыйым салынады.
Заң талаптарына сәйкес, сайлау комиссиялары мен дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрын ілінген үгіт материалдарын сол орнында қалдыруға болады. Интернетте бұрын жарияланған материалдарды да өшіру міндетті емес. Алайда оларды интернет-ресурстардың басты бетіне шығаруға жол берілмейді.
Сонымен қатар, толтырылған бюллетеньді фотоға немесе бейнежазбаға түсіріп, дауыс беру күні таратуға тыйым салынады.
Үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде заң талаптарын бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша айыппұл салынады. Оның мөлшері жеке тұлғаларға – 15 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 35 АЕК болады.
Сондай-ақ дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және сайлау күні қоғамдық пікірге сауалнама нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдар мен өзге де зерттеулерді бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда жариялауға болмайды.
Сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайларда қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге де тыйым салынған. Бұл талаптарды бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілік қарастырылған. Жеке тұлғаларға – 10 АЕК, заңды тұлғаларға 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Прокуратура азаматтарды сайлау заңнамасының талаптарын сақтауға шақырады.
