Мәулен Әшімбаев: жыл сайын Құрылтайдың мәні артып, мазмұны кеңейіп келеді

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Бурабай баурайында Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысына қатысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Алқалы жиында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдің алдағы бағдарын айқындап берді. Онда соңғы кезеңде қоғамда қызу талқыланған өзекті мәселелерден бастап еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарына қатысты басымдықтар түгел қамтылды.
– Жалпы, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай туралы бастаманы осыдан бірнеше жыл бұрын өз Жолдауында көтеріп, оны елді жаңғыртудың тиімді тетіктерінің бірі ретінде ұсынған болатын. Содан бері Қазақстанда түбегейлі өзгерістер қолға алынып, кешенді саяси реформалар іске асырылды. Мемлекет басшысы осы ауқымды жұмысқа Ұлттық құрылтай мүшелері зор үлес қосқанын атап өтіп, бұл бастама арқылы қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасқанын айтты, – деді Мәулен Әшімбаев.
Президент көптің назарына ілінген салық реформасына қатысты пікірін білдірді. Бұл ретте Қазақстан әлеуметтік мемлекет екені, егер бюджетте қаржы болмаса, тиісті міндеттемелер толық орындалмайтыны, ал, салық осы жүйенің басты тірегі саналатыны айтылды. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет ұсынған жаңа тәсілдерді халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру ісіне баса мән берді.
– Президентіміз салықтан жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндерге және заңнамада соған жол беретін олқылықтарға назар аударып, тиісті заңдарға жедел түрде қажетті түзетулер енгізуді тапсырды. Осы ретте қолға алынып жатқан шаралардың мәні мен маңызын азаматтарға жеткізуге және қажетті заңнамалық жұмыстарға Сенат депутаттары белсенді қатысатынын атап өткім келеді, – деп атап өтті ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қылмыстық-атқару жүйесінде адамгершілік құндылықтарға басымдық бере отырып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау арқылы кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарау жөнінде ұсыныстар енгізуді жүктеді.
Жиілеп кеткен алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою, жалған психологтар мен «коучтардың» іс-әрекетін жауапты органдар назарға алу мәселелері де сөз болды.
– Ұлттық құрылтайда Президентіміз идеологиялық бағыттағы басымдықтарды да айқындап берді. Бұл орайда кино өндірісіне жіті мән беріп, дайын фильмдерді экранға шығармас бұрын ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият зерделеудің берері мол екені анық, – деді ол.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Құрылтай отырысында Қазақстанның төрт саладағы орасан зор мүмкіндігі туралы да айтты. Олар: цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы.
–Мұның бәрі – еліміздің жаңа әлемдегі орнықты дамуына ықпал ететін негізгі факторлар. Осы ретте Мемлекет басшысының Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешімі еліміздің ядролық кластер ретінде қалыптасуына жол ашатынын атап өткен жөн,– деді Мәулен Әшімбаев.
Оның сөзінше, жыл сайын Құрылтайдың мәні артып, мазмұны кеңейіп келеді.
– Биыл көтерілген ауқымды мәселелер мен белгіленген маңызды міндеттер соған дәлел. Бұл басым бағыттар Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстан құру идеясын іске асыру үшін қолға алынған кешенді бастамалар екені анық. Біздің алдымызда тұрған ендігі міндет – осы іргелі істерді жүйелі түрде жүзеге асырып, Отанымызды одан әрі өркендету. Барлық қазақстандық аталған маңызды міндеттерді орындау жолында белсенділік танытып, ел дамуына өз үлестерін қосады деп сенемін, – деп атап өтті ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы.
Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында көптеген іргелі бастамалар қолға алынып жатыр. Осы бағытта кәсіби техникалық колледждер жаңа мамандықтарға сұранысты және еңбек нарығындағы жағдайды ескеруге тиіс. Мемлекет басшысы өз сөзінде осы мәселені баса айтты.