Қазақстанда ұлттық спорт түрлерімен шұғылданушылар саны артып келеді

Қазақстанда ұлттық спорт түрлерімен шұғылданушылар саны артып келеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бүгінде республика бойынша ұлттық спорт түрлерінен 16 555 үйірме жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, кейінгі жылдары елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2023 жылы ұлттық спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 619,2 мың адамды құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 666,1 мың адамға жеткен. Дене шынықтыру және спортпен айналысатындардың жалпы санының 9,6%-ы ұлттық спорт түрлерімен шұғылданады.

Бүгінде республика бойынша ұлттық спорт түрлерінен 16 555 үйірме жұмыс істейді. Сонымен қатар кадр даярлау саласында 15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері және 17 спорт клубы бар. Ұлттық құрама командаларды даярлауды үйлестіруді Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы жүзеге асырады.

Сонымен қатар дәстүрлі спорт түрлерін насихаттауда Ұлттық спорт қауымдастығы маңызды рөлді атқарады. Аталған ұйымның құрамында 10 федерация жұмыс істейді.

Елімізде көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, бәйге, садақ ату, құсбегілік, тоғызқұмалақ, асық ату, JORYQ ат спорты, одан бөлек жаппай көкпар, қазақ күресі және жекпе-жек түрлері қарқынды дамып келеді.