Май ауданында екі пәтерлі үйден өрт шықты

Май ауданында екі пәтерлі үйден өрт шықты
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

Құтқарушылар өрт сөндіру кезінде жанып жатқан үйдің кіреберісінен 27 литрлік газ баллонын шығарды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Май ауданының Көктөбе ауылында екі пәтерлі үйге жапсарлас салынған газоблоктан тұрғызылған үй кіреберісінде өрт болған. Хабарлама 14 қаңтарда сағат 20.48-де түскен.

–  Тілсіз жау кіреберістің ағаш шатыр құрылымдарын, сондай-ақ үй заттары мен ас үйді қамтыды. Жоғары температураның әсерінен тартылған төбе мен пластикалық терезе балқып кеткен. Өрттің жалпы ауданы 15 шаршы метрді құрады, – деп жазылған хабарламада. 

Өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің нәтижесінде өрт оқшауланып, жойылды және көрші бөлмелерге таралуына жол берілмеді.

Оқиға орнында бір өрт сөндіру есебі жұмыс жасады. Өрт сағат 21.16-да оқшауланып, 21.35-те толығымен жойылды.

Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда.