Павлодар облысында екі баланы көлік қағып кетті
ЖКО салдарынан түрлі жарақаттары бар жасөспірімдер ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 қазан күні сағат 07.30-да Павлодар-Шарбақты автожолында Теміржолшылар кентінің жанында «Lada Largus» маркалы автокөліктің 40 жастағы жүргізушісі белгісіз жерде жолдан өтіп бара жатқан 2010 жылы туған кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті.
Сол күні сағат 19.30-да Павлодар қаласында «Lada Vesta» маркалы автокөліктің 27 жастағы жүргізушісі жолды бағдаршамның жыпылықтайтын сигналына өткен 2009 жылы туған кәмелетке толмаған жасөспірімді қағып кетті.
– Автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды. ЖКО фактісі бойынша тексеру жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалды, – деді департаментте.
Полиция департаменті күзгі кезең жаяу жүргіншілер үшін қауіпті екенін еске салады.