Павлодарда өрт кезінде уланған тұрғын құтқарылды
Ер адамның ішімдік тұтынғаны анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 24 қыркүйек күні сағат 21:30 шамасында Естай көшесіндегі үйлердің бірінде өрт шыққан. Өрт сөндірушілер оқиға орын алған үйдің балконына баспалдақпен шығып, ішіне кірген.
– Өрт орнынан 1972 жылғы ер адам құтқарылды. Ол алькоголді ішімдік тұтынғаны анықталды. Оны өрт ішінен бөлім командирі М.Е. Эсауленко құтқарып алды. Ер адам жану өнімдерімен жеңіл дәрежеде уланған, – деді департаментте.
Оқиға орнына қызметкерлер сағат 21:38-де жетіп, 21:40-та ауыздықтады. Тілсіз жауды ауыздықтауға жеті техника, 23 қызметкер жұмылдырылды.