Павлодарда кешірім сұрап, жоғалып кеткен азаматты іздеуге эхолот қажет
Руслан Леонтьев 16 маусым күні сағат 13:00-14:00 шамасында жоғалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Vita іздестіру тобының мәліметінше, ер адам Заңғар ауылынан таңертең шығып кеткен, Ямышев ауылына барып, құрал-жабдықтарды алған және басқа қалаға жұмысқа кетуі керек болған. Алайда Кенжекөл ауылына көлікпен кіргеннен кейін хабарсыз кеткен және азамат діттеген жеріне жетпеген. Ол сағат 12:30-12:50 шамасында өзінің үлкен күнә жасағысы келетінін, әрі қарай өмір сүргісі келмейтіні және кешірім сұрайтыны жайлы бірнеше бейнежазба түсірген.
Кейін анасына хабарласып, сөйлескен. Досы қоңырау шалғанда тұтқаны көрермеген. Ал сағат 13:50-де телефоны өшірулі болған.
– Сол күні кешке достары оны іздеп бізге хабарласты. Ал анасы полиция қызметкерлеріне шағымданған. Бүгінгі таңда Руслан Леонтьевтың Кенжекөл ауылына кіргені анықталды, дегенмен оның ауылдан шыққаны белгісіз. Себебі ауылдан басқа жолдар арқылы да шығуға болады. Іздеу жұмыстарын полиция қызметкерлері, достары, туыстары және біздің еріктілер жүргізуде, – дейді еріктілер.
Сондай-ақ, іздестіру тобы эхолот құралын іздестіруде. Егер бұл құрал сізде болатын болса, Vita іздестіру тобының Instagram парақшасына немесе WhatsApp желісінде 8 747 615 55 63 нөміріне хабарлама жолдай аласыз.