Мемлекет басшысы: Қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады
Мемлекет басшысы: Қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум барысында жүргізілген экзит-полл қорытындысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазмедиа орталығының» студиясында экзит-полл нәтижелері таныстырылғаннан кейін Мемлекет басшысы мәлімдеме жасады.

— Бүгін — Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Енді жыл сайын 15 наурызды — Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл — біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды. Мұны еліміздің және шетелдің байқаушылары да айтып отыр.
— Азаматтар жасаған таңдаудың түпкілікті қорытындысын заңға сәйкес Орталық референдум комиссиясы ресми тәртіппен шығарады. Бірақ қазірдің өзінде Қазақстан халқы ынтымақ пен бірліктің, патриотизмнің, Отан тағдырына ортақ жауапкершіліктің керемет үлгісін көрсетті деп айта аламыз. Азаматтарымыздың басым бөлігі Өркендеу, Әділет, Заң мен Тәртіп, Табиғатты аялау және Тазалық жолын таңдады. Бұл — өте жақсы жол. Жаңа Халық Конституциясы елімізді тың жетістіктер мен табыстарға бастайды. Бұған ешқандай күмән жоқ. Дауыс берушілер саны бойынша ең жоғары рекордтық көрсеткіш тіркелді. Мұндай жағдай көптен бері болмап еді. Учаскеге келіп, азаматтық ұстанымын анық білдірген баршаға алғыс айтамын, — деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халқы қолдаған, жаппай дауыс берген Конституция — еліміздің темірқазығы.
— Жаңа Конституция — Тәуелсіздік пен егемендік тірегі. Ата заңымыз — адам құқығы мен бостандығының мызғымас кепілі. Біз бір ел болып Заң мен тәртіп сақталатын, жауапты және жасампаз азаматтары бар Әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасадық. Осылайша, бүгін ұлт тарихының жаңа парағын аштық. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Ең бастысы, халқымыз түбегейлі өзгерістерді барынша қолдайды. Біз ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, келер ұрпаққа Өркениетті, Озық Қазақстанды аманат етеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Осы референдум кезінде жастар белсенді түрде сайлауға қатысты. Жастарымыздың дауысы, үні өте жақсы естілді. Қазақ елінің қасиетті Тәуелсіздігі мәңгі болсын! Отанымыз — Қазақстан Республикасы жасай берсін! Жаңа Конституциямыз құтты болсын! — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазмедиа» орталығында республикалық референдум аясындағы үгіт-насихат науқанына белсенді қатысқан жастармен кездесті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы еxit poll қорытындысымен танысты. Президент «қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады» деп пікір білдірді.