Референдумға 180-ге жуық байқаушы қатысады
Референдум науқаны шеңберінде Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, онда 2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды дайындау және өткізу мәселелері қаралды.
Отырысқа cыртқы істер, денсаулық сақтау министрліктерінің, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) байқаушылар миссиясының, БАҚ өкілдері қатысты. Бейнеконференцбайланыс режимінде облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының аумақтық референдум комиссияларының төрағалары мен мүшелері қатысты.
Сурдоаудармасы бар онлайн-трансляция Комиссияның Интернет-ресурсы және Youtube арқылы өтті. Отырысты аша отырып, ОРК Төрағасы Нұрлан Әбдіров референдум жөніндегі науқанды ұйымдастыру және өткізу барысында Орталық референдум комиссиясы дәстүрлі түрде шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларымен тығыз қарым-қатынас жасайтынын атап өтті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу қорытындылары туралы ОРК хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады. Ол «2024 жылғы 6 қазанға белгіленген республикалық референдум өткізу кезінде шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметінің кейбір мәселелері туралы» ағымдағы жылғы 3 қыркүйектегі қаулыға сәйкес аккредиттеу Астана уақыты бойынша 2024 жылғы 30 қыркүйекте сағат 18.00-де аяқталғанын хабарлады.
Осылайша, Қазақстанда атом электр станциясын салу жөніндегі республикалық референдумда байқауға 30 шет мемлекет пен төрт халықаралық ұйым (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) атынан қатысатын 177 байқаушы қатысады.
ҚР ОРК шақыруы бойынша референдум өткізу кезінде байқауға 14 мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері, оның ішінде Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстанның орталық сайлау органдарының төрағалары қатысады.
Отырыста Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко министрліктің 37 елден 200 шетелдік журналист аккредиттелгенін, олар да республикалық референдум өткізуді байқап, жариялайтынын хабарлады.
Отырыстың екінші мәселесіне көше отырып, ОРК басшысы қатысушылардың назарын Референдум туралы конституциялық заңның нормаларына сәйкес учаскелік референдум комиссиялары дауыс беру күні, уақыты, орны және тәртібі туралы азаматтарды дауыс беру күніне дейін 10 күннен кешіктірмей, яғни ағымдағы жылдың 26 қыркүйегіне дейін хабардар еткеніне аударды.
Ағымдағы науқанда комиссиялар дауыс беруге құқығы бар азаматтарды референдумға жеке шақыруға ден қойды. Шақырулардың бірыңғай нысанын ОРК аумақтық референдум комиссияларымен бірлесіп әзірледі.
Бұдан әрі дауыс беру күніне дайындық барысы, сондай-ақ азаматтарды ақпараттандыру бойынша қабылданған шаралар туралы және жекелеген учаскелерде дауыс берудің басталуы мен аяқталуының өзге уақытын белгілеу туралы аумақтық референдум комиссияларының төрағалары баяндады.
ОРК төрағасы Орталық референдум комиссиясы азаматтарды референдумға дайындық барысы туралы ақпараттандыруға көп көңіл бөлетінін атап өтті.
Азаматтардың алдағы референдумды дайындау және өткізу туралы толық және шынайы ақпарат алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында Орталық референдум комиссиясы ақпараттық-түсіндіру материалдарының (бейне-, аудиороликтер, плакаттар, әдістемелік және басқа материалдар) кешенін әзірледі. Сондай-ақ, SMS-хабарламалар, мобильді банкингтерде PUSH-хабарламалар арқылы азаматтарды қосымша хабардар ету көзделген. Бұл жұмыс дауыс беру күніне дейін жалғасады.
Нұрлан Әбдіров Сайлау туралы конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуі тиіс республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу жүргізудің заңнамалық аспектілеріне де назар аударды. Ол референдум және сайлау туралы заңнамаға сәйкес қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, референдум нәтижелерінің болжамдарын, референдумға байланысты өзге де зерттеулерді бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда дауыс беру күніне дейін бес күн ішінде және дауыс беру күні жариялауға жол берілмейтінін еске салды.