Эко-революция: Қазақстанда шығарындылар азайып, ормандар жандана бастады
Елдегі өндірістік шығарындылар 7,2%-ға азайып, заңсыз қоқыс үйінділерінің 91%-ы жойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мұндай серпінді көрсеткіштерді Үкіметтің қорытынды баспасөз конференциясында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.
Ведомство басшысы елдегі ауа тазалығы, қалдықтарды басқару және жаппай көгалдандыру бағытында атқарылған ауқымды жұмыстардың есебін берді.
Өндіріс пен қалдықтар
Өндірістік аймақтардағы ауа сапасын бақылау енді қатаң цифрлық бақылауға алынды. Бүгінде еліміздегі 78 ірі кәсіпорынның 74-і ластану деректерін нақты уақыт режимінде онлайн форматта беріп отыр. Бұл ашықтық пен ең үздік қолжетімді технологияларды енгізудің арқасында нормативтік шығарындылар көлемі 148 мың тоннаға қысқарды. Министрдің айтуынша, бақылау жүйелері қоршаған ортаға тиетін зардапты жедел анықтап, оны жоюға мүмкіндік береді.
Қалдықтарды басқару саласында да айтарлықтай ілгерілеушілік бар. 2025 жылы қайта өңдеу деңгейі 28,6%-ға жетіп, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 40%-ға дейін арттыру көзделген. Осы мақсатта 89,4 млрд теңгеге 22 жоба қаржыландырылып, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында заманауи үш қоқыс өртейтін зауыт салу жоспарланып отыр. Ғарыштық мониторинг те өз жемісін беруде: биыл анықталған заңсыз қоқыс үйінділерінің 91%-ы толықтай жойылды.
Орман қоры
Орман қорын қалпына келтіру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы қарқынды орындалуда. 2021-2025 жылдар аралығында 1,5 миллиард көшет егіліп, келесі жылы тағы 208 миллион ағаш отырғызу көзделген. Сонымен қатар, Арал теңізінің құрғаған табанындағы 920 мың гектар жерге орман мелиорациясы жүргізіліп, «Арал орманы» резерваты құрылуда. Өрттен қорғану үшін де техникалық база нығайтылып, 2026 жылға қарай өртті ерте анықтау жүйесі 5,4 млн гектар аумақты қамтитын болады.
«Таза Қазақстан»
Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы бүкілхалықтық қозғалысқа айналды. Биыл 6,4 млн адам атсалысқан 1 250 экологиялық шараның аясында 1 млн гектар жер тазартылып, 795 мың тонна қоқыс жиналды. Халықпен кері байланыс орнату үшін іске қосылған арнайы чат-ботқа 25 мың өтініш түсіп, оның басым бөлігі шешімін тапқан. Министр атап өткендей, Қазақстан тек ішкі мәселелерді шешіп қана қоймай, 2026 жылы Өңірлік экологиялық саммитті өткізу арқылы Орталық Азиядағы экологиялық көшбасшылығын нығайта түспек.