Мемлекет еңбекті бағалады: павлодарлық металлургтер наградаға ие болды

Мемлекет еңбекті бағалады: павлодарлық металлургтер наградаға ие болды
Фото: Валерий Бугаев

Өңірде 15 мыңға жуық металлург еңбек етуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Металлургтер күні қарсаңында Павлодарда салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Облыс әкімі Асайын Байханов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан өндіріс саласындағы елеулі еңбегі мен тау-кен өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар металлургке мемлекеттік наградалар табыстады.

Марапатталғандар қатарында ERG құрамына кіретін кәсіпорындардың жеті қызметкері бар:

  • «Құрмет» орденімен «Қазақстан алюминийі» АҚ директоры Айтуған Ахметов;
  • «Еңбек даңқы» III дәрежелі орденімен қара металл өндірісінің бақылаушысы, АЗФ «Қазхром» ТҰК» АҚ қызметкері Лариса Архипова;
  • «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Қазақстан алюминийі» АҚ шикізат дайындау цехының конвейер машинисі Күлшербай Машенов, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның 6-разрядты слесарь-жөндеушісі Әбілхан Алданов және «Қазхром» ТҰК» АҚ АЗФ балқыту цехының балқытушысы Қуаныш Сатыбалдынов;
  • «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» құрметті атағымен «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның аппаратшы-гидрометаллургы Рустам Хайрутдинов;
  • «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі» атағымен «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның 6-разрядты анод құюшысы Ахат Тоғайбаев марапатталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің металлургтері ел экономикасының дамуына айрықша үлес қосып отырғанын бірнеше рет атап өткен болатын. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында облысымызда жыл сайын 1 миллион тоннадан астам ферроқорытпа, 1,5 миллион тонна глинозем және 260 мың тонна алюминий өндіріледі. Бүгінде өңірімізде 15 мыңға жуық металлург еңбек етуде. Олардың барлығы – өз ісіне адал, кәсібіне берілген, туған жерінің гүлденуіне жан-тәнімен атсалысып жүрген азаматтар. Алда сіздерді жаңа еңбек жеңістері мен биік белестер күтіп тұрғанына сенімдімін, – деді Асайын Байханов өз сөзінде.

Облыс әкімі металлургтерге мықты денсаулық, отбасы амандығы мен сарқылмас күш-жігер тіледі.