Павлодарда әрекетке қабілетсіз тұрғындардың тізімін онлайн жүйеден іздеуге болады
Аталған функция азаматтардың ыңғайлылығы мен уақытын үнемдеу үшін құрылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Павлодар облысы бойынша департаменті бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Кенжебаев мәлім етті.
– Азаматтарды қылмыс жағдайын және криминогендік жағдай туралы ақпараттандыру мақсатында Комитет QAMQOR.GOV.KZ интернет порталын әзірледі. Ақпараттық порталда qamqor.gov.kz әрекетке қабілетсіз және әрекет қабілеті шектеулі мәліметтерді тексеру функционалы іске асырылды. Бұл 15-20 күн жауап күте отырып, өтініштерді уәкілетті органға жіберу қажеттілігін болдырмайды. Сервис адамдарды есепке алу мәліметтерінің болуы не болмауы туралы ақпаратты мүмкіндігінше қысқа мерзімде дербес алуға мүмкіндік береді, – дейді Жәнібек Кенжебаев.
Алдымен ақпарат алу үшін qamqor.gov.kz порталына кіру қажет. Бұдан әрі сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың тізілімі бөлімінде ЖСН мен жеке басын куәландыратын құжаттың деректерін енгізу қажет. Осыдан кейін жүйеде талап ету орны бойынша ұсыну үшін оны қағаз түрінде басып шығару мүмкіндігі бар анықтама жасалады.
Бұл анықтама электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған және ресми құжат болып табылады. Осылайша, әрекетке қабілеттілігі, әрекетке қабілетсіздігі немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі туралы мәртебені тексеруге болады.
Сондай-ақ, айыппұлдардың бар-жоғын басты бетте «өз айыппұлдарың туралы біл» функциясын пайдалана отырып оңай тексеруге, әкімшілік бұзушылықтар, төленбеген айыппұлдар немесе олардың төленгенін растау туралы ақпаратты өз санатыңды көрсете отырып нақтылауға болады: жеке тұлға, заңды тұлға, МТНБ нөмірі және т.б.