Балқан олимпиадасында павлодарлық оқушы топ жарды
Білім додасында әлемнің 26 елінен жүздеген оқушы бақ сынаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, жасөспірімдер арасындағы Балқан математика олимпиадасы (Junior Balkan Mathematical Olympiad, JBMO) Румынияның Бузэу қаласында өтті.
Олимпиада Балқан өңірі елдерінің оқушылары мен шақырылған 16 жасқа дейінгі ең үздік жас математиктерге арналған беделді халықаралық олимпиадалардың бірі болып табылады. Білім бәйгесіне әлемнің 26 елінен 160-қа жуық мектеп оқушысы қатысқан.
— Еліміз бұл олимпиадаға 2004 жылдан бері қатысып келеді. 2025 жылы Қазақстан құрамасы жарысқа қатысу тарихындағы ең үздік нәтижесін көрсетіп, төрт алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алған болатын. Ал биыл Қазақстан Республикасының намысын 6 оқушыдан құралған ұлттық құрама команда қорғады. Ұлттық құрама команда сапында дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Әлихан Құрақбаев болды. Сайыста Әлихан жоғары жас ерекшелігі санатында өнер көрсетіп, 10-сынып бағдарламасы бойынша олимпиада тапсырмаларын орындады, - делінген хабарламада.
Олимпиада қорытындысы бойынша Әлихан Құрақбаев қола медальды қанжығалады. Ал командалық есепте қазақстандық оқушылар екінші орынға тұрақтаған.