Олжас Бектенов әлемдік агротехника өндірушілерімен кездесті
Қазақстанда өндірісті локализациялау бойынша жаңа келісімдерге қол қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Еуропа, Канада және АҚШ-тың ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын жетекші компанияларының басшыларымен кездесті. Кездесуде өндірісті локализациялау, технологиялар трансфері және агроөнеркәсіп саласына заманауи шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.
Премьер-Министр аграрлық сектордың қарқынды дамуы техникаға деген сұранысты арттырып отырғанын атап өтті. Қазақстанда егіс алқаптарының көлемі шамамен 24 миллион гектарды құрайды, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі тоғыз триллион теңгеден асты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласының технологиялық әлеуетін дамытуға ерекше мән береді. Өндіріс көлемінің өсуі мен экспорттың кеңеюі шаруаларды техникалық жарақтандыруды күшейтуді талап етеді. Сондықтан техниканы жаңарту, оның қолжетімділігін арттыру және отандық өндірушілерді қолдау – саланың негізгі басымдықтары, – деді Олжас Бектенов.
Бүгінде елде 130 мыңнан астам трактор, отыз мыңға жуық комбайн және 200 мыңнан аса өзге де техника пайдаланылады. Соңғы екі жылда отандық техника сату көлемі 35 пайызға өсіп, нарықтағы үлесі тоқсан пайызға жеткен. Мемлекет тарапынан техника құнының отыз пайызына дейін субсидия беру, жеңілдетілген несие және лизинг бағдарламалары қарастырылған.
Кездесуге қатысқан халықаралық компаниялар Қазақстанмен әріптестікті кеңейтуге қызығушылық танытты. Атап айтқанда, «John Deere» компаниясының өкілі Петер Заксе Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын айтты.
– Біз Қазақстанның ұзақмерзімді ынтымақтастыққа ашықтығын жоғары бағалаймыз. Компаниямыз өндірісті одан әрі локализациялап, заманауи техника шығаруды және өнімділікті арттыруды жоспарлап отыр, – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша Қостанайдағы локализация орталығы базасында ауыл шаруашылығы техникасын өндіруге бағытталған бірқатар көпжақты келісімдерге қол қойылды. Бұл келісімдер саланың дамуын жеделдетіп, Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.