Павлодарлық «103» қызметі дауылды ауа райында жоғары қызмет көрсетті
Шақыртулар саны мыңнан асты, деп хабарлайды @Pavlodarnes.kz тілшісі.
Өткен демалыс күндері «103» пультіне келіп түскен шақыртулар саны дәстүрлі түрде шамамен 10-15 пайызға артты. Жұма күні жедел жәрдем 698 шақырту қабылдаса, демалыс күндері бұл көрсеткіш мың жарымнан асты. Жексенбі күні Павлодар облысы аумағында соққан қатты жел де қызмет жұмысына әсер етті.
26 сәуір күні жедел жәрдемнің бір фельдшерлік бригадасы босандыру қызметін қабылдады. Шұғыл қоңырау 02:27-де түскен. 39 апталық жүктіліктегі 22 жастағы әйелге көмек қажет болған. Медициналық қызметкерлер оқиға орнына сегіз минут ішінде жетті. 10 минуттан кейін салмағы 3,6 келі, бойы 53 сантиметр ұл бала дүниеге келді. Бригада жылу тізбегін сақтап, ана мен нәрестені тұрақты жағдайда облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді.
Павлодар қаласында 34 жастағы әйелге медициналық көмек қажет болды. Ол жабық бас-ми жарақатын, ми шайқалуын және маңдай аймағындағы гематома алған. Белгілі болғандай, Қамзин көшесіндегі үйлердің бірінің жанынан өтіп бара жатқанда оның үстіне ағаш бұтағы құлаған. Науқас №1 қалалық ауруханаға жеткізілді.
– Оқиға орындарына жету уақыты 7 минуттан аспады. Қатты жел мен қоңыраулар санының артуына қарамастан, біздің мамандар төтенше жағдайларға жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Қолайсыз ауа райынан зардап шеккендердің барлығы дер кезінде ауруханаға жеткізілді, – деді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.
Сол күні жедел жәрдем қызметі қолайсыз ауа райына байланысты орын алған жазатайым оқиғаларға да шықты. Ақтоғай ауылында шатырдан құлаған шифер парағынан 1985 жылы туған әйел жарақат алып, аудандық ауруханаға жеткізілді.