Павлодар облысында республикалық маңызы бар автожолдың учаскесі жөнделуде

Павлодар облысында республикалық маңызы бар автожолдың учаскесі жөнделуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Құрылыс жұмыстары жол жамылғысының сапасын арттыру және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» республикалық маңызы бар автожолының 23 шақырымына орташа жөндеу жүргізілуде. 

Жөндеу жұмыстары жолдың 230–253 шақырым аралығын қамтиды. 

– Қазіргі таңда мердігер ұйым 15 шақырымда суық жону әдісімен жол негізін нығайтып, 4,5 шақырым аумаққа ірі түйіршікті асфальтбетон қоспасынан төменгі қабатты төсеуді аяқтады. Нысанға 29 бірлік арнайы техника мен 46 маман тартылған. Барлық кезең бекітілген мерзім мен кестеге сәйкес атқарылуда, – делінген хабарламада.

Жол қызметінің өкілдері жүргізушілерден жөндеу учаскелеріндегі уақытша шектеулерге түсіністікпен қарап, жол белгілері мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды сұрайды. Автожолдардың жай-күйі туралы ақпаратты 1403 нөміріне хабарласу арқылы алуға болады.