Жас павлодарлық футболшы еуропалық клубтың намысын қорғады

Жас павлодарлық футболшы еуропалық клубтың намысын қорғады

Ол Испанияда бір ай тағылымдамадан өтіп, еуропалық және қазақстандық футбол арасында айырмашылықтарды тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Он бес жасар қақпашы Айқын Сұраған «Ертіс» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резервтегі спорт мектебінің түлегі. Жаттықтырушысы – Александр Прохоров. Ол жазда Астанада испан бапкерлері ұйымдастырған іріктеуден өтіп, «Реал Овьедо» клубына жолдама алды.

- Бала кезімнен қақпашы болуды ұнаттым. Өйткені, қақпашыларға үлкен жауапкершілік артылады. Сүйікті ойыншым – Марк-Андре тер Штеген, - дейді ол.

Жасөпірімнің сөзіне қарағанда, Испанияда жаттығулар жүктемесі зор. 

- Жүктеме өте зор. Секіру және құлау кезінде жарақат алмау үшін олар ширату жаттығуларына зор мән береді. Жақсы тәжірибе жинадым және үйренгенімді көрсеткім келеді. Мысалы, Испанияда допты тебуді жақсы игердім: пас беріп, допты алысқа тебуді меңгердім, - дейді қақпашы.

Жергілікті «Сан Клаудио» клубына қарсы жолдастық кездесу Айқын Сұрағанның есінде сақталған екен. Испаниядағы матчтар шапшаңдығымен және ойыншылардың жоғары шеберлігімен ерекшеленеді.

- Қарсыластар сапында он бес жасар шабуылшы ойнады. Оның мықтылығы соншалық, мен оның жасы небары он бесте екендігіне сенбедім. Сол себепті, жас футболшыларға Испанияға барып, тағылымдамадан өтуді ұсынамын. Футболды солардан үйренген артық болмайды, - дейді Айқын Сұраған. 

Қазақстандықтардан өзге «Реал Овьедода» Африка, АҚШ, Бельгия, Бразилия, Оман мен Қырғызстаннан келген жастар болды. Жастарды қатаң тәртіп сақтауды үйретіп қана қоймай, жергілікті әсем жерлерді де көрсетті. Қонақтар Овьедо және Мадрид пен Хихонды аралады. 

- Қазіргі мақсатым – «Ақсу» футбол орталығына өтіп, әрі қарай өсіп-жетілу. Болашақта Қазақстан құрамасының намысын қорғап, «Барселонада» ойнағым келеді. Егер «Барселонаға» жолым түспесе, ағылшын Премьер-лигасының бір клубында болғым келеді, - деді жас қақпашы.

«Реал Овьедо» – қазіргі кезде Испанияның екінші деңгейлі дивизионында ойнайтын футбол клубы. Әр жылдары онда Виктор Онопко, Роберт Просинечки және Хуан Мата секілді атақты ойыншылар доп тепкен.  

Фото: Константин Шелков